Қазақстанда тоқал алу жайы туралы пікір әрқилы. Дегенмен оны қолдайтындарға қарағанда, даттайтындар басым. Мәселен жақында ғана мәжіліс депутаты Абзал Құспан, әйел және бала құқығын қорғау үшін тоқал алуды заңдастыру туралы пікір айтты. Бұған жұрт не дейді?
«Мұны заңдастыру керек деп еспетеймін өз басым».
«Сіз тоқалдықты заңдастыру керек деп есептейсіз бе?».
«Заңдастыру қажет. Заңмен реттеу қажет».
Дәл қазір қоғамда да, әлеуметтік желіде де екінші әйел алу немесе тоқал алу тақырыбы қыз-қыз талқыланып жатыр. Бұл мәселе бұрын да болған, қазір де бар. Жақында мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан оны әйел және бала құқығын қорғау үшін де заңдастыру жайын айтты.
Абзал Құспан, Мәжіліс депутаты: «Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқалдың ешқандай құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Не алимент ала алмайды. Дүние алып бер, баламды асырайтындай жағдай жасап бер деп заң түрінде талап ете де алмайды. Не болса, ол болсын деп қашанғы көз жұмып отыруымыз керек бұған. Ең болмағанда осы себеппен де заңдастыруды талап етеді».
Депутат пікірінен соң қоғамдық талқы тіпті ушықты. Жұрт пікірі екіге жарылды.
БЛИЦ:
«Тоқал алу үшін де ол тоқалдың да жағдайын істеу керек шығар. Онсыз да жылап жүрген қаракөз балаларымыз көп қой. Егер жағдайы кеп тұрса, бірінші әйелі рұқсат берсе, неге тоқал алмасқа? Көшеде балалар туып, тәрбиесіз өскенше екі тәрбие берсе, қараса, ата-бабаларымыз алған ғой тоқал».
«Бірінші әйелге деген адамдық болуы керек қой, әркімде өзінің адамгершілігі болуы керек».
«Ол үлкен жауапкершілік қой. Екінші әйелді алу да оңай емес. Оған да көңіл бөлу керек. Жоқ, мен қарсымын әрине».
«Мен қарсымын. Тоқал алуға қарсымын».
«Бір жағынан қыздарымыз шетелге кеткенше өзімізде қалған дұрыс қой. Келісіп жатса. Енді ол келісіммен болатын тірлік қой».
«Екі жақтың пікірі керек деп ойлаймын. Болмаса оны қолға алуға болмайды. Шетелге қыздарымыз кетеді деп қорғағанымен, отбасы бұзылып жатса ең жаманы сол ғой».
«Дұрыс емес. Мен үшін отбасы бұл – еркек, әйел, ата-ана, балалар. Одан да бір отбасымен қалу керек. 5-6 баламен. Екінші әйел, меніңше дұрыс емес».
Абзал Құспан тоқал тақырыбын заңдастыру туралы пікір білдіргенімен, оны мәжілісте талқылауға қарсы депутаттар да шықты.
Ринат Заитов, Мәжіліс депутаты: «Мен жалпы мәжілісте отбасылық мәселелерді талқылауға болатын шығар. Бірақ тоқал, төсек айналасындағы тақырыптыі мәжіліске кіруіне қарсымын тіптен. Тоқалдан туған балалардың құқығы бойынша, олар да біреудің баласы ғой. Иә, олардың әкелерінің аты-жөні бар шығар, құжаттарында? Солардың жауапкершілігінде. Алимент төлеу бойынша оларға. Енді бәрі заңмен реттелген ғой».
Қазақстанда екі әйелмен заңды некеге тұруға болмайды. Бірақ шектеу, тыйым қойылмаған. Сондықтан да діни некесін қидырып, тоқал алатындар бар
Дилара Иса






