Арыстық кәсіпкер жеке меншігіндегі тойхананы ардагерлер үйіне айналдырды. «Белсенді өмір сүру» орталығында ардагерлер кеңесі мен спортпен шұғылдану аймағы орналасқан. Сонымен бірге, қажетті жиһаздармен жабдықталған тұз шахтасы, сенсорлық бөлме, интернет-кафе, йога, үстел теннисі, бильярд, шахмат, дойбы ойнайтын алаңдар мен кітапхана қызметі де бар.
Заманауи үлгіде жабдықталған, елімізде теңдесі жоқ ардагерлер үйінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев те қатысып, қариялардың қуанышына ортақтасты.
Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Адамның ауыз біршілігі мен елдің ынтымағында барлық шаруа. Оның бәрінің ұйытқысы болып отырған өздеріңізсіздер. Мына бүгінгі бастама керемет бастама. Мен барлық аудандарға айтамын бұны. Өйткені мынандай ғимараттар бар ғой. Бос тұр шынында да. Бекерге тұрғанша игі шаруа жасау керек. Ардагерлер үйі, болмаса жаңағыдай спорттық нысандарды жалпы әртүрлі жағдайда пайдалануға болады».
Арыс қаласының ардагерлері үшін мерекеде үлкен тарту болған ғимараттағы үйлестіру жұмыстарын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Асыл жүрек» әлеуметтік орталығы жүзеге асырады. Әсем ғимаратта қарттардың бас қосып, жиын өткізулеріне болады. Әрі тынығып, шығармашылықпен айналысуы үшін де барлық жағдайлар жасалған. Терапевт дәрігері мен емдік массаж бөлімі де жұмыс істейді.
Рамазан Қадырқұл, кәсіпкер: «Бұл бастаманың негізі болған осы қала әкімі Гүлжан Мамытқызының идеясы болып табылады. Осы жерде тойхана бастаған ісіміз бар еді. 2018-ші жылы соққанбыз. Содан сол 2019-шы жылы бітіп еді, жарылыстар болды. Содан кейін артынан пандемия болды. Содан тоқтап тұрған жұмсымыз. Сөйтіп келісе отырып ол кісі өзінің ойын айтып түсіндірді ардагерлер орталығын жасайық деп. Сол бойынша жұмыс істедік».
Бұл қаладағы 6 мыңнан астам ардагер үшін үлкен қуаныш. Себебі бұған дейін ардагерлерге арналған мұндай орындар болған емес. Айта кетейік, екі қабаттан тұратын ардагерлер орталығы ғимаратының бір бөлігі «Неке сарайы» ретінде жұмыс жасап тұр.
Мөлдір Ибадуллаева