Úı ANONS Түркістанның туристік полициясы шетелдік қонақтарға бес тілде қызмет көрсетеді

Түркістанның туристік полициясы шетелдік қонақтарға бес тілде қызмет көрсетеді

фото ТОПД
Түркістан қаласындағы туристік полиция қызметкерлері күн сайын шетелдік қонақтарға бес тілде қызмет көрсетіп, өңірдегі қауіпсіз туризмді қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Қазіргі таңда киелі шаһарда қызмет атқарып жүрген 25 туристік полиция инспекторы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен сарай» туристік кешені және Президент саябағы аумағында таңғы сағат 08:00-ден түнгі 24:00-ге дейін екі ауысыммен қоғамдық тәртіпті қадағалап, құқық бұзушылықтардың алдын алуда.
Тәртіп сақшылары қазақ, ағылшын, қытай, өзбек және орыс тілдерін еркін меңгерген. Олар отандық және шетелдік туристерге қажетті ақпарат беріп, жан-жақты көмек көрсетеді. Әрбір азаматпен сыпайы әрі кәсіби қарым-қатынас орнату – туристік полиция қызметінің басты қағидаларының бірі. Сонымен қатар туристік полиция қызметкерлері ата-анасынан адасып қалған балаларды жақындарына табыстауға, жоғалған құжаттар мен бағалы заттарды иелеріне қайтаруға, сондай-ақ шетелдік қонақтарға Қазақстан Республикасының заң талаптарын түсіндіруге белсенді түрде атсалысады.
Солардың бірі – Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының туристік полиция инспекторы Әсел Кембаева. Ол туристік нысандарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, келушілерге бағыт-бағдар беріп, құқықтық кеңес ұсынады және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Туристердің қауіпсіздігі – өңірдің туристік тартымдылығының маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан Түркістандағы туристік полицияның күнделікті еңбегі қоғамдық тәртіпті сақтаумен ғана шектелмей, еліміздің қонақжай әрі қауіпсіз мемлекет ретіндегі оң имиджін қалыптастыруға да елеулі үлес қосып келеді.