Бұл – Шымкент жастарының Риддер жұртшылығына жинаған жылуы. Қазір Жастар ресурстық орталығы Риддерге көмек акциясын пысықтап жатыр. Үш күнде жиналған қаражатқа 35 отбасына арналған тұрмыстық заттар алыпты. 10 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы Лесхоз кентінде орман өртеніп, 31 үй жанып кетті. Тұрғындар баспанасыз қалды.

Бижан СӘДІБЕКОВ, Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығының Қоғаммен байланыс және ақпаратты талдау бөлімінің басшысы:
«Шығыс Қазақстан облысындағы Риддердегі жағдай осы Шымқала жастарын да алаңдатпай қоймады. 10-ы күні біз өрттің болғанын кешкі жаңалықтарда естідік. Ал 11-і күні Шымкент қаласының жастарының атынан, Шымкент қаласының тұрғындарының атынан жылу жинау басталды.
Ол жақпен біз волонтерлар мен байланыстық штаб басшысымен. Олар тамақ барлық жағдай жақсы бізге тек қана тұрмыстық заттар болса деген».

Акцияға кәсіпкерлер, депутаттар, оқу орындары, жалпы қала жұртшылығы қатысып жатыр. Мәселен, Силкуэй халықаралық университетінің ұжымы да Риддер халқының қиындығын бірлесе көтеруге атсалысып отыр. Олар азық-түлік пен гигиеналық-тұрмыстық заттар әкеліпті.

Рахат АРҒЫНБАЙ, Silkway халықаралық университетінің Кәсіподақ басшысы:

«Бұдан алдын да оңтүстік өлкесіндегі апатты жағдайлар Шымкент жастарына үлкен сабақ болды. Шымкент жастарында дәл осындай төтенше жағдай кезінде қарсы іс-әрекет жасауға иммунитет бар деуге болады.
Осындай тар жол тайғақ кешуде көмектесу ол қазақтың сүйегіне сіңген рухымен біте қайнасып жатқан салт болғандықтан біз де барынша тырысып бақтық».

«Риддерліктерге көмектесемін» деген адамдар болса, акция ертеңге дейін жалғасады. Шымкент қаласындағы Түркістан көшесі, №1 үйде орналасқан Жастар ресурстық орталығына келіңіз. Киім-кешек, ыдыс-аяқ пен тұрмыстық-гигиеналық заттар беруге, арнайы есепшотқа қаржы аударып, қол ұшын созуға болады. Шымкент жастарының бастамасымен жиналған көмек ертең Риддерге жол тартады.

Мөлдір Ибадуллаева