Түркістан: Жазғы универсиада ойындары басталды

174

Түркістан қаласында 11-ші жазғы универсиада ойындары басталды. Студенттер арасындағы аламан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, “Қаланың түркі елдерінің астанасы” атануы және ХҚТУ 30 жылдық құрметіне орай жалауын көтерді.

Ал, ашылу салтанатына Білім және ғылым министрілігінің өкілдері мен аймақ әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов пен ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова қатысты. Бастау алған жарысқа Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов құттықтау хатын жолдаған екен.

Айта кетейік, жарыс спорттың 30 түрінен өтеді. Барлығы 37 сайысқа еліміздің 25 оқу ордасынан жиналған студенттер қатысады. Бәсеке облыс орталығынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Қостанай және Өскемен қаласында да өтеді. Ал жеңімпаздар есімі маусым айында белгілі болмақ. Жүзден жүйрік шыққандар Қазақстан намысын Қытайдағы Дүниежүзілік жазғы универсиадада қорғайды. Аспан асты еліндегі жарыс келесі жылы ұйымдастырылады.

Назерке Үкібасова