Бақытты бала – бақытты ұлт

80

Әлеуметтік жауапкершілік дегеніміз – құрғақ шөппен ауыз сүрту емес. Мұны «Шымкентцемент» акционерлік қоғамы компаниясының өкілдері ұдайы дәлелдеп келеді.

Компания ұжымы Төлеби ауданындағы отбасылық үлгіде жасақталған балалар ауылында «Бақытты бала – бақытты ұлт» концерті өтті. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған концертке балаларды құттықтауға «Шымкентцемент» компаниясының басшысы Збигнев Шишка келді.

Компания өкілдері қайырымдылық бір реттік акция емес деп біледі. Сондықтан да балалар ауылының түлектері өндіріс саласында жұмыс істегісі келсе, оларға қолдау жасап, қамқор болады.

Балалар ауылында 1 маусым – балаларды қорғау күні осылай шат-шадыман басталды. Ұлдар мен қыздар «Шымкентцемент» акционерлік қоғамының директорымен бірге биледі. Кәсіпорын жетекшісі үшін бұл мереке өте маңызды.

Збигнев Шишка, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры: «Жеке өз басым үшін бала қуанышы өте құнды. Себебі өзім осында жұмыс жасаймын. Ал отбасым алыста, Польшада қалды. Балалар мен отбасы арасындағы қарым-қатынастар мен үшін өте ыстық, жақын. Сол жылулықты үнемі қажет етіп тұрамын».

Отбасы типтес балалар ауылында 60 бала тәрбиеленеді. Балаларға отбасы жылуын сездіретін жағдай жасаған тәрбиешілерге әр бала қымбат. Олар балалар ауылында тәрбиеленетін балалар отбасын тауып, орталық жабылғанын армандайды. «Әлемде жетім бала болмаса екен» деп тілейді. Балалар ауылына үнемі жәрдем беріп, қолдау көрсететін жанашыр жомарт жандарға дән риза.

Сәкен Шатырбеков, отбасы үлгісіндегі балалар ауылы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: «Біздің орталық әр жыл сайын балалар мерекесін «Шымкентцемент» АҚ мен бірге атап өтеді. Кәсіпорын біздің балалардың достарына айналып үлгерген. Биыл мерекені АҚ директоры Збигнев Шишкамен бірге өткізді. Бұған дейін де компанияның барша басшылары балаларды мерекеде елеусіз қалдырмайтын. Балалар шараға үлкен құлшыныспен дайындалады. Себебі бұл күнді олар ерекше күтеді».

«Шымкентцемент» компаниясы осы ауылдың балаларымен 10 жылдан бері дос болып, араласып келеді. Тек достасып қоймай, үнемі көмектеседі. Балалар мерекесінен басқа уақытта да келіп тұрады. Ауыл түлектеріне кәсіптік бағдар беру үшін кәсіпорынға шақырып, тәжірибе сабақтарын өтеді.

Збигнев Шишка, «Шымкентцемент» АҚ Бас директоры: «Біздің ұжым әлеуметтік көмекке ерекше көңіл бөледі. Бұл салтымыздан қай елде болсақ та жаңылмаймыз. Мысалы Украинада, Ресейде жұмыс істеген кезімізде де балалар үйі біз үшін маңызды орында болатын. Қазақстанда да солай. Балаларға қолау білдіруге үнемі дайынбыз».

Соңғы үш жылда «Шымкентцемент» компаниясы қайырымдылық, демеушілікке 30 миллион теңге бөліпті. Қаржылай көмектің басым бөлігі Төлеби ауданына берілген. Бұл да бекер емес, өйткені осы ауданда кәсіпорынның карьері – Қазы-Құрт кен орны бар. Мұнда игеру жұмысы 1958 жылы басталып, содан бері жалғасып келеді.

«Шымкент цемент» акционерлік қоғамы – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын. Міне, сондықтан да жергілікті жұртшылыққа жәрдем етуге тырысады. Ал балаларға көмек тек ақша беруден тұрмайды. Балаларға көбіне көп оларға керек етер қамқорлық пен мейірім қажет. Компания мұны біледі, және әрдайым соған ұмтылады.

Ақмарал Айтбаева