Біздң ту. Біздің Елтаңба. Біздің Әнұран

162

 

4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздері күні. Осыдан тұп-тура 29 жыл бұрын елдігімізді айқындайтын Мемлекеттік рәміздеріміз бекітілді.

Бүгін қала жастары шеру ұйымдастырып, көшелерді аралады. Шымкент жұртшылығының мерейін көтеріп, рухын асқақтатар көңіл-күй сыйлады. 92 жылдың дәл осы күні ұлттық нышандар алғаш рет ресми түрде бекітілді. Содан бері рәміздеріміз ел азаматының әрқайсының мақтанышына айналды. Бұған дәлел – шеруге шыққан ерікті жастар.

Шымкенттік жас Қуаныш бұл шеруге алғаш рет қатысып отыр.

Қуаныш Серікбай: «Осы қала жастарыменен бірге бас қосып, біз қала тұрғындарына көңіл күй сыйлап жатырмыз. Ән де айтып, осы мерекемізді барлық жағынан насихаттап жатырмыз».

Шымкент Жастар ресурстық орталығының жастары «Біздің Ту, біздің Елтаңба, біздің Әнұран» деп ұрандатып, қала ішімен жүріп өтті. Адам көп шоғырланатын көшелерде Әнұранымызды шырқап, жалаушалар, арнайы футболкалар таратты. Аялдамаларға, автобустарға Елтаңба мен Ту пішіндес құттықтау қағаздарын жабыстырды. Осылайша жастар қала тұрғындарын патриотизмге үндеді.

Қайыржан Бөгенбай, Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығының инспекторы: «Негізі көбісі қазіргі жастар, өзіміздің буын өкілдеріміз осы мерекені білмейді. Бірақ, біз сонда да қалмаймыз, барынша Қазақстан жастарына, қазақ еліне, өзіміздің ұлт өкілдеріне осы мерекені насихаттауға әрқашан да дайынбыз».

Көк аспанмен үндескен Көк туымыз жаһан жұртына Қазақстан деген жаңа тәуелсіз елдің бет-бейнесін паш етті. Байрағымыз небір әлемдік жеңіс көгінде желбіреді. 1992 жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған Мемлекеттік ту бекітілді. Ал мән-мағынасы терең Елтаңбамыз – қос сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың ыждағатты еңбегінен туған.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. 2006 жылы композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Мемлекеттік әнұранға айналды.

Ақмарал Айтбаева