Шымкентте денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары сотталды. Ернар Мырзақұловқа пандемия кезінде бюджет қаржысын өз қалауынша жұмсаған деген айып тағылды.

Шамамен 1,4 млрд. теңгеге аппарат сатып алу бойынша тендер өтіп, алайда сол кездегі шенеунік қолдан құжат жасап, оған өзге құралдар сатып алыныпты. Ал, келісімге келіп, далада қалған компания экономикалық тергеу департаментіне арызданған.

Осыдан кейін бар былық ашылып, лауазымын асыра пайдаланған Мырзақұлов 3 жылға сотталды. Және өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сәбит Төреханов, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Ол келісімшарт түзіп, бір жарым айдан кейін ақшаны аудармай, басқа тендер өткізіп, басқа заттарға ақшасын пайдаланған»ч

Қазынаның 1 млрд. 391 млн. 587 мың теңгесін өз ақшасындай көрген экс-шенеунікке берілген жазаның жұмсақтығын судьялар өзінше түсіндірді. Сөздерінше, денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары отбасының жалғыз асыраушысы. Әрі 4 баланы бағып отырған оның бір перзенті мүгедек екен. Өзі де абақтыға ауруханада жатқан жерінен жеткізілген дейді сот өкілдері.

Сәбит Төреханов, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Денсаулығына байланысты бәрін ескере отырып, операциядан шыққан. Кеше қамауға алғандағы ауруханада жатқан. Ауызша айтқанда грыжа. Ол қимылдай алмайды. Өзі жүре алмайды қазір».

Назерке Үкібасова