Шымкентте теміржолшылар бас көтерді

220

Шымкентте темір жолшылар бас көтерді. Жалақымыз аз деген олар бүгін тіпті жұмысқа шықпай қойды. Айтуларынша, еліміздің басқа өңірлеріндегі әріптестерінің еңбекақысы көп. Бұл барып тұрған әділетсіздік деп ашынды олар.

Сонымен қатар, нормадан артық жұмыс уақыты үшін де басшылық үстемақы төлемейді екен. Осылай деп шулаған 100-ге жуық теміржолшы «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының үшінші мегаполистегі филиалы алдына жиналды.

100-ге тарта темір жол монтерлері таңның атысымен «Қазақстан темір жолының» Шымкенттегі филиалы алдына келді. Олардың басты мәселесі – жалақының аздығы. Басқа аймақтағы әріптестерімен салыстырғанда еңбекақы мөлшері төмен екенін айтады. Жұмысымыз ауыр, бірақ оған төленетін айлық мардымсыз дейді олар. Оған қоса қосымша жұмысқа үстемақы төленбейді деп ашынады.

Нұржан Әшірбаев, темір жол монтері:  «Енді есептей беріңіз, мына заманда аз, жетпейді. Егер жетсе, қарнымыз тоқ болса, киіміміз бүтін болса, неміз бар бұл жерге келіп. Ең төменгі айлық осы Шымкентте. Енді жан-жақпен араласып тұрамыз ғой».

Айдарбек НАУРЫЗБАЕВ, темір жолшы:  «Менің төрт бала-шағам бар. Жолдама сұрайтын болсам, оған жоқ. Мына жердегі жан айқайдың бәрі осыдан. Не үшін шығады? Жетпеушіліктен шығады. Күннің асты алтыда шығамыз. Кей кезде 8-9 дейін оған төленбейді».

Қазіргі уақытта теміржолшылар 100-150 мың теңге арасында айлық алады. Олардың шағымы жалақымен бітпейді. Жұмысқа берілетін арнайы киімнің өзін уақытылы алмаймыз дейді. Оның өзі сапасыз, кейде өлшемдері мүлде сәйкес келмейтінін жеткізді. Осылай деп жиналған теміржолшылар ұжымдық арыз-талап жазып, оған 120 қызметкер қол қойған.

Жасұлан МҰСАЕВ,  темір жол монтері:  «Жұмысшылардың басты талаптары айлық жалақымыз 250 мыңнан кем болмауы керек. Күн ыстық-суықта адал еңбегімізді бағалап, экологияға ақша төленсін. Зейнетақы жасы 58-60 жас аралығында болуын талап етеміз. Үлкен кісілер жұмысқа жарамайды. Әр околодкадан алыс жаққа, яғни околоткаға күнделікті командировкаға шығамыз. Соған ақша төленсін. Күнтізбеден берілген уақытта жұмыс тәртібі, яғни, созылған жағдайда ақша төленсін. Күніге жұмыс созылады. 8 сағаттан көп жұмыс істеп жатырмыз. Демалыс күндері заңға сәйкес жұмысқа шыққан күнімізге екі есе ақша төленсін. Маңдай термен жұмыс істейміз, соған жарасар жуынатын жер болуын талап етеміз. Күніге жұмыстан сасып-бықсып қайтамыз».

Теміржолшылардың жиналатыны естіп Нұр-Сұлтаннан жауапты өкілдер Шымкентке арнайы келіпті. Олардың айтуынша, ушыққан ештеңе жоқ. Бірақ өңірлік басшылықтың бірқатар кемшіліктері анықталғанын мойындап отыр. Темір жол монтерлеріне алыс жерге шыққанда және ауа температурасы +35 градустан асқанда үстемақы төленбей келіпті. Бұл мәселелерді қарастыратындарын жеткізді. Алайда, шойынжолдағы қара жұмысшылардың жалақысын көтеруге асықпайтын түрі бар.

Тайырбай ОРЫНБАЕВ,  «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясының бас инженері:  «Жалақы мәселесі біздің құзырымызға кірмейді. Сондықтан компания басшылығына жеткіземіз. Бұл мәселені компания шешеді. Өйткені себебі біз бүгін халықпен кездескен кезде бәрін түсіндіріп айттық. Бірінші январьда көтердік айлықты. Бірінші апрельде көтердік айлықты. Енді бірінші июльде көтереміз деген мәселе бар еді. Бірақ енді правление қазір қарап жатыр. Сондықтан бұны жігіттерге жеткіземіз. Тағы да 10 пайызға көтермек болдық».

Жауаптылар теміржолшыларға жуынып-шайынатын барлық стандарттарға сай орындарды қыркүйек айының соңына дейін дайындаймыз деп отыр. Сонымен қатар жұмысшылардың жанайқайына дер кезінде құлақ аспаған шымкенттік жауаптылардың мәселесі май шаммен қаралады деп сендірді. Ал, еңбегіміз адал деген теміржолшылар қойған талаптарының орындалуына 15 күн уақыт беріп отыр. Орындалмаса жаппай жұмыстан кетуге бекінген.