Елімізде әлеуметтік қызметтер порталын қолдау бойынша байланыс орталығы іске қосылды

208

Қазақстанда Әлеуметтік қызметтер порталын қолдау бойынша байланыс орталығы жұмыс істей бастады. Оған тілді таңдап, 4 санын баса отырып, бірыңғай 1414 нөмірі арқылы кіруге болады.

ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, орталық операторлары портал пайдаланушылары – мүгедектігі бар адамдар және әлеуметтік қызметтерді жеткізушілер үшін ақпараттық-консультациялық қызметтерді мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынады. Атап айтқанда, портал жұмысы бойынша кеңес алуға, техникалық мәселелер бойынша сұранымды шешуге, портал функцияларын жетілдіру бойынша кері байланыс алуға болады.

«Бүгінгі таңда орталықта 3 аналитик және 5 оператор жұмыс істейді, тағы үшеуі оқудан өтуде. Байланыс орталығының жұмыс тәртібі: жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:30-ға дейін, үзіліссіз. Сондай-ақ Facebook әлеуметтік желісінде, Telegram мессенджерлерінде және WhatsАpp пайдаланушыларына кеңес беру үшін чат-ботты іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар автоматтандырылған дауыстық роботты енгізу жұмыстары жүргізілуде. Бұл консультациялар қолжетімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге, жауап берілмей қалған қоңыраулар санын азайтуға және сұрау шешілгенге дейін күту уақытын азайтуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, Әлеуметтік қызметтер порталы мүгедектігі бар адамдарға тікелей жеткізушілерден оңалту құралдары мен қызметтерін өз бетінше сатып алу мүмкіндігін беру үшін 2020 жылы іске қосылды.

Жыл басынан бастап 113 мыңнан астам мүгедектігі бар адам портал арқылы оңалтудың техникалық құралдарын, ымдау тілінің 6 мыңнан астам қызметін, жеке көмекшінің 31 мыңнан астам қызметін, 36 мыңға жуық санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды және 122 мыңнан астам адам кепілдік берілген әлеуметтік топтамаларға тапсырыс жасады.