Мектеп формасын енді барлығына сатып алуға тура келеді. Бір жыл бұрынғыдай еркін киімде емес, енді оқушылардан бірыңғай мектеп формасы талап етілетін болады. Ата-аналар кеңсе тауарларын да сатып алуға мәжбүр. Бірақ оған шамалы шығындануына тура келеді. Дәптер, қаламдар бағасы күрт қымбаттап тұр.
Шымкенттік ата-аналарға балаларын жаңа оқу жылына дайындау үшін қалтасына салмақ түсіруіне тура келеді. Өйткені, кеңсе тауарларының құны шарықтап тұр. Әсіресе, тор көзді және жолды дәптерлер айтарлықтай қымбаттаған. Бір данасы 18 емес, 25 теңгеден. Көтерме саудада арзан бағамен жүз данадан артық алсаң, сатушылар 20 теңгеден беруге дайын. Қаламның бағасы да 5-10 теңгеге қымбаттаған.
Асанәлі Әзімбай, сатушы: «Дәптер былтыр 18 теңге болған, биыл 20 теңге болып жатыр көтерме бағада. Барлық нәрсе қымбаттады ғой, қаламсаптар да көтерілген. Канцтовар 80 пайыз Қытайдан келеді ғой. Сол себепті қымбаттаған. Карантинге байланысты былтырдан бері сауданың өзі жай боп тұр ғой».
Оқулық сатушылар бағаның не үшін қымбаттағанын білмей дал. Кітаптардың да құны өткен жылға қарағанда қымбаттырақ болады деп айтып отыр.
Ал тігін цехтары белдемшелерге, шалбар мен кеудешелерге және пиджактарға тапсырыс қабылдауда. Оларды осы шеберханада 200-ге жуық тігінші және пішуші дайындайды. Олар биыл сұраныс жақсы, бірақ карантинге дейінгідей көп емес деп отыр.
Жаңа оқу жылына дайындық ерте көктемде басталып кеткен. Маталарды Қытай мен Өзбекстаннан алып келеді. Стандартты формаларды көлеміне қарай 12 мыңнан 16 мың теңгеге дейін сатып жатыр.
Гүлнара Бартли, «Гауһар» тігін фабрикасының атқарушы директоры: «Шикізат бағасы қатты қымбаттады. 30 пайыздан 40 пайызға дейін. Бірақ біз өз бағаларымызды сақтап қалуға тырысамыз».
Кәсіпкерлер жергілікті әкімшіліктен қолдау жоқ деп шағымданып отыр. Олар әлеуметтік бағдарламалар бойынша мектеп формасымен мұқтаж оқушыларды қамтамасыз етуге болар еді дейді. Енді мектеп киімін барлығы бірдей сатып алуына тура келеді. Өткен оқу жылындағыдай еркін киіммен жүруге енді рұқсат етілмейді. Тек офлайн білімді нақты кім алатындығы әзірге белгісіз.
Шымкент қалалық білім басқармасы бәрі эпидахуалға байланысты деп отыр. Бірақ қала мектептерінің барлық қызметкерлері екпе салдырғандықтан, оқу орындарына мейлінше көп бала жіберуге тырысады.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Бірінші кезекте мынау 1 реттік көмек алатын ата-аналар, екінші кезекте көпбалалы отбасы балалары, үшінші кезекте аз қамтылған отбасы балалары, төртінші кезекте күнкөрісі төмен отбасы балалары және мынау төтенше оқиға орын алған отбасы балалары толығымен зерделенді. Яғни, нәтижесінде 58 882 балаға бүгінгі күні үкіметтің тарапынан мектеп формасына және канцелярлық заттарға арнайы қаржы бөлінуде».
Айта кетейік, ел Президенті дәстүрлі оқыту форматына көшуді үкіметке тапсырып еді. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия оқушылардың білім сапасына кері әсерін тигізгенін атап өтті. Алдағы күзден бастап қазақстандық жасөспірімдерді ата-аналарының рұқсатымен коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алуды бастау жоспарланып отыр.