Түркістан облысындағы мектептердің 100 пайызы «Ашық» қосымшасымен жұмыс істейді. Осылай деген облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов білім ұялары 1 қыркүйектен бастап дәстүрлі форматқа, яғни офлайн дәріске көшетіні туралы айтты.

Алайда, күнгей өңірдегі интернеттің әлсіздігі ашық жүйесіне кедергі келтіруі мүмкін екенін жасырмады. Ал, мұндай жағдайда мектепке вакцина паспортын көрсету арқылы кіруге болады дейді.

Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Бізде 56 пайыз Түркістан облысында интернетпен қамтамасыз етілмеген, әлсіз. Ондай жерлерде дәстүрлі түрде вакцинациясымен паспортты қарап санитарлық нормаға сәйкес кіргізе береміз балаларды. Негізі былттыр да біз 180 мектепті дәстүрлі түрде оқытқанбыз. Сол күйінде солай оқыта береміз».

Қазіргі таңда облыс бойынша 78 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Әрі биыл өңірдегі 2 апатты және бір үш ауысымды білім ұяларының мәселесі шешімін табады. Қалған 7 апатты және үш ауысымды мектеп құрылысы 2023 жылға жоспарланып отыр дейді сала жауаптылары. Сондай-ақ биыл біріңғай мектеп формасы қажет емес екендігін атап өткен облыс әкімінің орынбасары оқушының киімі классикалық үлгіде болуы шарт екенін ескертті.

Сәкен Қалқаманов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары: «Балалар классикалық түрде мектепке баруы керек. Ол дегеніміз не? Шалбар, джинсы емес. Спорттық шалбарлар емес. Классикалық қара немесе көк шалбар және ақ көйлек. Үстіне костюм киюі міндетті емес. Бірақ, қара немесе көк рубашка немесе свитер сияқты киім киіп келу керек. Мынау қыздардың көрінісі. Астында юбка немесе шалбар. Ақ көйлек, блузка кофта. Ешқандай орамал, ешқандай хиджаб деген болмайды. Ол классикалық форма емес».

Айта кетейік, балалар қауіпсіздігін күшейту мақсатында облыстағы 400 мектепке толығымен бейнебақылау орнатылыпты. Енді білім ұяларындағы қауіпсіздік тікелей тәртіп сақшыларының бақылауында болады.

                                                                                       Мөлдір Ибадуллаева