Авторлық құқықты бұзғаны үшін сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

118

Түркістан облысында «Anti-fraud» іс-шарасының 5-ші күні қорытындыланды. Түркістан облысының полицейлері 9 тамыздан бастап «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.

Яғни Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес 2021 жылдың 9 тамызынан бастап республика аумағында «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс шарасы өтуде. Аталған іс-шараның басты мақсаты – интернет-алаяқтыққа қарсы күрес, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын өзге де құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу және болған қылмыстарды дер кезінде ашу.

«Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасының бес күндік қорытындысы бойынша интернет-алаяқтықтың 3 жайты мен 2 контрафактілік дискілерді заңсыз сату дерегі анықталып, ашылды.

Мәселен Түлкібас ауданында жүргізілген іс-шара аясында жергілікті тұрғыннан 3 дана контрафактілік СД дискілері тәркіленді. Бұл жайт бойынша ҚР ҚК-нің 198-бабымен «Авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу» сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта.

Сонымен қатар Бәйдібек АПБ-ның полицейлеріне Шымкент қаласының тұрғыны арызданып, интернет-алаяқтың құрбаны болғанын жеткізген. Яғни алаяқтыққа күдікті мегаполистің тұрғынына жол серік қызметіне орналастырып беремін, ол үшін құжаттарды жинақтауым қажет деген сылтаумен каспий есеп шотына 164 000 теңгені аудартып алып, қайтармаған. Аталмыш жайт бойынша СДТБТ-ға тіркеліп, ҚР ҚК-нің 190-бабымен «Алаяқтық» тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кету керек «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс шарасы 2021 жылдың 15 тамызына дейін жалғасады.