Шымкент: 60 бағдаршам жетіспейді

77

Бүгін, 5 тамыз — халықаралық бағдаршам күні. Осы күні әлемдегі ең алғашқы көлік қозғалысын реттейтін құрылғы пайда болды. Ал қазіргі таңда көлік жүргізушілер мен тұрғындар үшін маңызды нысанға айналып үлгерген бағдаршам үшінші мегаполистің 277 көше қиылысында бар. Алдағы үш жылда тағы 60-ы іске қосылады деп жоспарланып отыр екен. Оның біреуінің құны шамамен 16-18 миллион теңгені құрайды дейді жауаптылар.

Шымкент көшелерінде 277 бағдаршам жұмыс істеп тұр. Бірақ шаһар көшелері әлі де 60 реттеуші құралды қажет етеді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үш жылға жоспарланған. Ал қазіргі таңда ағымдағы жылы іске қосылуы тиіс 17-сінің сегізі орнатылып үлгеріпті.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар сөзінше, шаһардағы бағдаршамның барлығы заманауи үлгідегі технологиямен жасақталған.

Нұрбол Ілесов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы: «Бұл жерде бізде реттеуіш құралдарының бәрі заманауи үлгідегі. Өздігінен басқарылатын технологиямен қойылады. Мәселелер бойынша жол қозғалысын реттеудің жалпы үш жылдық келісім шарт негізінде күтіп ұстау жұмыстарын атқаратын мекеме бар. Олар жаңағы диспетчерлік қызмет атқарады. Олар бұзылған және істен шыққан бағдаршамдар бойынша оларға дереу сигнал беріледі де үлкен ақау болмаған жағдайда 2 сағат ішінде қайта іске қосамыз».

 Айта кетейік, қазіргі таңда шаһардағы бір бағдаршамның бағасы 16-18 млн теңге шамасында екен. Қала тұрғындары бағдаршамға қатысты шағымдарын басқарманың әлеуметтік желісіне немесе әкімдікке арыз жазу арқылы қалдыра алады. Сала жауаптылары ескеріп, егер көше қиылысы көлік қозғалысын реттейтін құралды қажет ететін болса жоспарға енгіземіз деп сендіріп отыр.

Алайда қала көшелерінде бағдаршам орнатылып, тәртіп сақшылары қанша бақыласа да ережеге бағынбайтын жүргізушілер саны әлі де азаймай тұр. Мәселен қала тұрғындарының жыл басынан бері бағдаршам ережесін сақтамағаны үшін төлеген айыппұлының соммасы 40 млн. 135 мың теңгені құрайды.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері бағдаршамның тыйым салынған түсіне өткен 1841 тұрғын анықталған. Сондықтан қала тұрғындарын өз өмір қауіпсіздігі үшін талапқа бағынып, ережені сақтауға шақырады.

Мөлдір Ибадуллаева