Шымкентте медициналық мекемелерге кітап сөрелері қойылды. Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы қолға алған «Кітап – жан дәрумені» жобасының басты мақсаты емделушілердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау. Әрі өзі қалаған кітабын алып, ауруханада таным көкжиегін кеңейтуіне болады. Медицина қызметкерлерінің сөзінше, бұл жоба қала тұрғындарының да көңілінен шығып отыр екен.
Ұялы телефонға телмірген заманда емханадан кітап бұрышын ашу — дұрыс шешім. Шымкенттегі №6 емхананың балалар психологы осылай дейді. Айтуынша, ол емделушілердің кезекте тұрған сәтінде балаларын смартфонмен жұбататынын жиі байқайды. Ал қазір кітап оқытып, уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік бар. Бүгінде медициналық мекемедегі кітапханада әр түрлі жанрдағы 60 кітап қойылған. Бірақ, әлі де мәдениет қызметкерлеріне қолқа салып отырмыз дейді.
Гүлжан Қадырбаева, Шымкент қалалық №6 емханасының балалар психологы:
«Қазіргі таңда күрмеуі шешілмеген мәселенің бірі — ол ұялы телефонда аналар да, балалар да үнемі отырады. Баланы жұбату үшін ұялы телефондарын беріп қояды… Мен психолог ретінде қатты қуанып отырмын. Аналарға кеңес беріп жатырмын. Кітаптарды беріңіздер, оқыңыздар деп. Енді тағы да жасөспірімдер кітапханасының директорына айттым, балалар кітаптарын әкелсеңіздер. Бізде 3-ші этажда бар. Сол болса өте тамаша болар еді».
Айта кетсек, Шымкентте 12 емхана, ауруханаларға кітап сөрелері қойылды. Қалалық мәдениет басқармасы қолға алған «Кітап – жан дәрумені» жобасының басты мақсаты емделушілердің бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасау болып табылады. Қаланың 70 жастағы тұрғыны Зейнеп Оспанова да бұл бастамаға оң көзқараста. Қария жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін ештеңеден тайсалмау керек екенін айтады. Себебі, кітаптың жасөспірімдерге берері мол. Тіпті емханада отырған кезде өзім де бірнеше кітапты шолып шықтым дейді.
Зейнеп Оспанова, Шымкент қалалық №6 емхананың пациенті: «Осы емханаға келіп кейде дәрігерлерді, емдеу кабинетінде кезек күткенде осы жерде отырып, ашып қойған кітапханаларынан кітап алып, оқып, танысып отырамыз. Бұрынғы мектепте оқыған кітаптарымызды есімізге түсіреміз. Жақсы, ыңғайлы етіп істеп қойған. Рақмет айтамыз осылай істеп қойғандарына. Қазір жастар оқымай кетті ғой, ең болмаса осындай кезде оқып, қарап танысып отырса өте қуанышты болар едік».
Бұл кітап бұрыштарының ерекшелігі- өзіңе ұнаған оқулықты алып, орнына басқа кітап қойып кетуге болады. Жоба қолға алынған 4 күннің ішінде бір емхананың өзінде 10 кітап алмасып үлгеріпті.
Емделу тек физикалық қана емес, эмоционалдық жағдайға да байланысты. Кітап оқып, ойын жақсы жаққа аударудың әсері ем алушыларға тезірек сауығып кетуге ықпалын тигізеді деп үміттенеміз дейді кітапханашылар.
Дәурен Дүйсебаев, Шымкент қалалық «Әл-Фараби» атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры: «Қазір мына күрделі жағдайға байланысты науқастардың саны артып отыр. Соларға сәл де болса жан дәрумені, кітапқа деген қызығушылығын арттыру сондай мақсатта ұйымдастырылған жоба. Бір жағынан науқастарға жан жылуын сыйлау, екінші жағынан Шымкенттегі кітапханаларды таныту. Өзіміздің жергілікті ақын-жазушылар, шетелдік жазушылар бар. Солардың шығармаларын кеңінен насихаттау».
Мәдениет басқармасындағылар алдағы уақытта тағы бірнеше ауруханалар мен стационарлардан кітап бұрышын ашуды жоспарлап отыр.
Мөлдір Ибадуллаева