Министр жолдауды іске асыру міндеттерін белгіледі

50

Алаяқтықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар дайындалады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.

Оның айтуынша, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ведомствоның құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басшыларымен бейнеконференцбайланыс режимінде жедел кеңес өткізді, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын сапалы және уақтылы іске асыру үшін бірқатар міндеттерді белгіледі.

Алаяқтықтың алдын алу бойынша қосымша шаралар дайындалады. Осылай деп мәлімдеген Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз интернет-технологиялар саласындағы қылмыстардың өсуіне онлайн сауданың кеңінен таралуы ықпал еткенін айтты.

Сөзінше, министрлік киберқылмыспен күрес орталығының құрылымында қылмыстарды ашумен айналысатын арнайы топтар жұмыс істейді. Мұнда полиция Ұлттық банкпен және екінші деңгейлі банктермен тығыз қарым-қатынас жасайды

СНұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:  «Интернет-технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу және жолын кесу мәселесі жеке қарастырылды, олардың өсуіне әлемде короновирус пандемиясы әрі онлайын сауданың кеңінен таралуы ықпал еткені айтылды. Ішкі істер министрлігі прокуратура органдарымен бірлесіп алаяқтықтың, оның ішінде ақпараттық-телекоммуникациялық ресурстарды пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтың алдын алу және ашу бойынша қосымша шаралар әзірлеп, іске асырылатыны атап өтілді».

Сонымен қатар Нұрділдә Ораз әкімшілік және сотқа дейінгі іс жүргізу электронды форматқа көшетінін алға тартты. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтер толықтай осы форматта жұмыс істейді. Оның айтуынша, адам құқықтарын қорғау, оның ішінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жұмыстар министрліктің тұрақты бақылауында.

Нұрділдә Ораз, ҚР ІІМ ресми өкілі:» Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтерді алу рәсімдерін жеңілдету бойынша полиция қызметінің тиімділігін арттыру үшін цифрландыру жобаларын жедел іске асыруды қамтамасыз ету. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 95%-ы электронды форматта ұсынылады, нәтижесінде халықпен тікелей байланыс барынша азайтылып, әкімшілік және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жойылады. Бұдан басқа, әкімшілік және сотқа дейінгі іс жүргізу электрондық форматқа ауыстырылады. Азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін толық және тиімді іске асыру үшін қылмыстық процестің үш буынды моделіне көшу мәселесі ерекше бақылауда тұр».

Сондай-ақ, соңғы 1 апта ішінде елімізде жылдамдықты асырудың 7,5 мың фактісі, ал автокөлікті мас күйде басқарудың 796 фактісі тіркелген. Ресми өкіл жеті күндік «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілгенін жеткізді.

Нәтижесінде, заңсыз сақталған 109 иір ойықты, тегіс ұңғылы, травматикалық және газды қару тәркіленді. Сонымен қатар, есірткіні сақтаудың 209 фактісі анықталған.

Әлихан Файзханов