Шымкентте «Таза өзен» акциясы өтті

50

Қаламызда ауқымды экологиялық акция өтті. «Су ресурстары-Маркетинг» серіктестігінің өкілдері «Таза өзен»акциясы аясында, Қарасу жағалауын түрлі қоқыс-қалдықтардан тазалады.

Шаһардағы Қарасу өзенін тазалауға “Су ресурстары-Маркетинг” компаниясынан 200-ден астам қызметкер атсалысты. Кәсіпорынның әр бөлімшесі айтулы шараға өз өкілдерін жіберді. Аталған акциядан Әл-Фараби аудандық әкімдігі де шет қалған жоқ.

Өзен арнасының тазарту жұмыстары  Ә.Жангелдин көшесінен бастау алып Павлов көшесіне дейін жүргізілді. Жалпы тазарту жұмыстары әр тоқсан сайын жүргізілу қажеттілігін ескере отырып, қала тұрғындары өзенді ластауды тоқтатпаса, бұл мәселе оң нәтиже бермейді дейді «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС Бас директорының орынбасары.

Бекжан Ешімбетов, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і Бас директорының орынбасары: «Біздің Шымкент қаласында екі өзен бар Қошқар ата және Қарасу өзендері, бұл өзендер, өзінің таза бұлақтан бастау алады. Алғашында бұл өзендерден ешқандай тазартусыз су ішуге мүмкіндік бар еді. Алайда, өкінішке орай, қазіргі таңда экологиядық жағдай өте нашарлап, ауыз судың сапасы нашарлап, ішуге мүмкін емес. Өйткені біздің су артериялары, қоқыс қалдықтарымен бітеліп, ластанып лайлануда».

Бұл кәсіпорын мұндай акцияны бірінші рет өткізіп отырған жоқ. Екі жыл бұрын дәл осы Қарасу өзенінде тазарту жұмыстары жүргізілген. Ол кезде айтулы жұмысқа үш арнайы көлік жұмылдырылса, бұл жылы бес ауыр жүк көлігімен қоқыс қалдықтары шығарылды. .