ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және биыл тоғыз айдағы республикалық бюджеттің атқарылуы талқыланды. Елдің экономикалық жағдайы туралы не айтылды? Ұлттық жоба қалай орындалып жатыр? Ал жобадан күтілетін нәтиже қандай болмақ?
Ұлтттық жоба іске асырылса, Қазақстанның 100 пайызы сумен қамтылады. Әрі 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561 ауыл жаңғыртудан өтеді. Сондай-ақ автожолдардың 95% жақсы жағдайға жетеді деп жоспарлануда. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлімдеді.
Әсет Ерғалиев, ҚР Ұлттық экономика министрі: «103 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Республикалық автожолдардың барлығы және жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95% жақсы жағдайға жеткізу көзделіп отыр. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк ағыны көлемін 2025 жылға қарай 30 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді».
Сонымен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер смартфондарда 100% қолжетімді болмақ. Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру үшін 1,4 трлн. теңге мөлшерінде бюджеттік қаражат бөлінеді. Оның ішінде цифрландыру және инновацияларға 587,8 млрд. теңге және ғылым бағытына 833 млрд. теңге қарастырылған. Сондай-ақ жобаны іске асыру үшін 800 млрд. теңге жеке инвестиция тарту көзделген. Нәтижесінде халыққа қызмет көрсету тиімді болады дейді сала жауаптылары.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі: «Қызметтерді 5 минут ішінде көрсету үшін ХҚКО-ларды жаңғыртуға,қайта форматтауға, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға емес, өмірлік жағдайлардың 80%-на дейін автоматтандыруға көңіл бөлеміз, 2025 жылға қарай олардың 50% проактивті түрде іске асыруға ұмтыламыз. Сондай-ақ смартфондарда мемлекеттік қызметтердің 100% қолжетімділігін қамтамасыз етеміз».
ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәлімдеуінше биыл 9 айдың ішінде мемлекет қазынасына түскен кіріс соммасы 5,1 трлн. теңге болса, шығыс көлемі 11 трлн. теңгені құрайды.
Сонымен қатар, мемлекеттің салықтар бойынша асыра орындаудың негізгі сомалары корпоративтік табыс салығына, пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салыққа және ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығына тиесілі екен.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР қаржы министрі: «Жалпы, кірістер бойынша жоспар 7 млрд. теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар 22 млрд. теңгеге атқарылды, салықтық емес түсімдер 17 млрд. теңгеге атқарылмады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу проценті жоғары».
Үкімет басшысы Асқар Мамин экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мөлдір Ибадуллаева