«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектеп салынады

37

Екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ел аумағында  369 мектеп салынады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді. Министрлік ұлттық жобаны жүзеге асыру арқылы мектеп тапшылығын, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді жоспарлап отыр.

«2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті (2025 жылы – 152) қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынады», – деді Бейсембаев үкімет отырысында.
Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге бөлу көзделген. Былтыр «Самұрық-Қазына Констракшнге» 500 млрд теңге аударылған. Биыл – 976,3 млрд теңге, 2025 жыл – 909,4 млрд теңге бағытталмақ.
Бейсембаевтың айтуынша, министрлік заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті.
Атап айтқанда:

мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді;

эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді;

бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды;

қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды. Жедел басқару орталығына шығатын цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде бұғаттау, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді;

ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды;

мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді;

оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды.