Ревакцинацияға қаржы бөлінбеген бе?

43

Мәжіліс отырысында «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқыланды. Отырысқа Премьер-министр мен үкімет мүшелері қатысты. Алдағы үш жылдық бюджеттің басым бөлігі қай салаға негізделді? Қараша айынан басталатын реквакцинация үшін екпе кімнің есебінен алынады?

Вакцина кімнің қаражатына алынады? Үкіметтің бе? Әлде Асқар Ұзақбайұлының ба? Бұл сауалды мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин вице премьерге қойды. Мәжіліс отырысында сөз алған Ералы Тоғжанов Қазақстанда қараша айының үшінші онкүндігінен бастап ревакцинация басталатындығын мәлімдеді. Бірақ алдағы үш жылдық бюджетте бұл мақсатқа қаржы қаралмаған көрінеді. Ревакцинация жасау үшін вакцина қандай ақшаға сатып алынатынын сұраған депутатқа шенеунік былай жауап берді.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары: «Жиырмадан аса елдің тәжірибесін ескере отырып, қарашаның үшінші онкүндігінен Қазақстанда ревакцинацияны бастауға шешім қабылдадық. Инактивті вакцина алғандар үшін ревакцинация 6 айдан кейін, ал векторлық вакцина салдырғандарда 9 айдан кейін басталады. Жылдың соңына дейін 100 мың адамға, келесі жылы 2 миллион адамға қайта вакцина салынады деп жоспарлап отырмыз. Қазақстан халқы вакцинамен толық қамтамасыз етіледі».

Депутат сауалына нақты жауап бермеген вице премьер министр мәжіліс төрағасынан ескерту алды. Мұның бәрі айдан анық деген ол 2022-2024 жылдарға арналған бюджетте ревакцинация үшін қаржы қарастырылмағанын еске салды. Және «екпені қай қаражатқа сатып аласыз?» деп қайта сұрады.

«Қаражат резервтен алынады»,-деді Тоғжанов.

«Кімнің резервінен? Асқар Ұзақбайұлының ба?»,-деді Нұрлан Нығматуллин.

«Жоқ, үкіметтің резервінен алынады».

«Солай айту керек қой. Комиссия қалай жұмыс істеді, неше вакцина, оның бәрін біз білеміз. Құрметті үкімет мүшелері, тікелей сұрақтарға тікелей жауап беріңіздер. Лекцияны басқа аудиторияда оқисыз. Түсінікті ме?», деді Н.Нығматуллин.

Үкімет мүшелеріне шүйліккен Парламент Мәжілісінің төрағасы үш жылдық бюджетте әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруға ерекше назар аударылғанын жеткізді. Айтуынша, бюджеттің жартысы осы салаға арналып отыр. Сонымен бірге, еңбекпен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, бизнесті дамыту, ауылды өркендету және басқа да салаларға тиісті қаражат қаралыпты. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық бағытын нығайтуға септігін тигізеді екен.

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы: «Осы жолда Үкімет депутаттық корпуспен бірге нәтижелі жұмыс атқарады деп сенеміз. Алдағы үш жылға арналған республикалық бюджеттің жобасы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға мүмкіндік беретіндей қалыптастырылды. Екіншіден, елдің даму мақсаттарына жауап береді, үшіншіден, постпандемиялық қалпына келудің оңай емес ахуалын ескереді».

Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин алдағы басты міндет – бекітілген қаражатты жоспарға сәйкес дер кезінде тиімді игеру екенін атап өтті.

Мөлдір Ибадуллаева