1 -қазан Радио қызметкерлері күні

152

1 қазан — Радио күніне орай Әл Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында республикаға үні тарап жүрген радиотілшілер бас қосты. Жиынды ашқан шаһар басшысы БАҚ саласының күретамырына айналған радио саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.

 

Радио —медиа саласының ең өміршең, ақпаратты жедел, әрі нақты таратуда алдыңғы қатарда келе жатқан саласы. «Әрдайым ел игілігі үшін еткен еңбектеріңіз жана берсін», -деп мерекелік лебізін білдірген қала әкімі қонақтарға сый-сияпат жасап, мегаполистің символына айналған қызғалдақтың тұқымын тарту етті.

Жиынға республика танылған радиожурналистер мен өңіріміздің радио ардагерлері қатысты. Олар осындай шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған қала әкіміне алғысын білдірді. Ал, «Қазақ радиосының» бұрынғы директоры, радио-сарапшы Махат Кәбірұлы қаламгер әріптестерін құттықтады.

Сондай-ақ, Шымкенттен шыққан республикалық радиоарна тілшілері де жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мегаполистің өз радиосы құрылса деген тілектерін жеткізді.

Кітапханадағы басқосудан соң зиялы қауым өкілдері ескі қалашықтағы этноауылды аралауға барды.

Айта кетейік, Шымкент қаласында 2 радиостанция жұмыс істейді. Оның бірі 100 жылдық тарихы бар «Қазақ радиосының» филиалы. Республикалық радионың трансляциясы Шымкент қаласында 1929 жылдан бастап жүргізілсе, 1932 жылы радиохабарлар жүйелі түрде таратыла бастады.

Айта кетейік, «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойына орай Қаратау ауданындағы орталық көшеге «Қазақ радиосы» атауы берлген.

Айнұр Бекасанова