Шымкентте 22 қарашадан бастап ревакцинация басталады. Айта кетейік, салынатын үшінші компонент басқа вакцина болуы шарт. Ал Файзер вакцинасын алу үшін ақысы төленуі керек. Бұл туралы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы баспасөз отырысында мәлімдеді.
«Ревакцинация тегін жүргізіледі, ал үшінші компонентке Файзер вакцинасын алғыңыз келсе, онда құнын төлейсіз». Осылай деген Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы ревакцинация 22 қараша күні басталатынын айтты. Сөзінше, файзер вацинасынан басқа екпе түрлерін тегін алуға болады.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Ревакцинация 22 қарашадан бастап салынады. Файзер вакцинасынан басқа ревакцинация тегін жүргізіледі. Салғызғалы отырған үшінші компонент бұған дейін алған вакцинадан басқа болуы керек. Ал егер Файзер вакцинасын алғыңыз келсе, сатып алуға болады».
Сондай-ақ, екпені мүлдем салдырмағандарға да Файзер вакцинасын ақылы түрде алуға болады. Қазір ол үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Шымкент қаласына Phizer вакцинасының 46 800 дозасы келген. Аталған вакцинаның бірінші компоненті 395 адамға егілді.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазір біз Шымкент қаласында қайсы емхана немесе қайсы клиникада ақылы түрде Файзер жасайтынын анықтап жатырмыз. Одан кейін бағасы белгілі болғаннан кейін, бізге әлі вакцина келу керек, сол келген соң біз жасаймыз».
Бүгінде қаладағы эпидахуал тұрақты. Ауруханалардағы төсек-орындар саны да азайған. «Бірақ бұл босаңсуға болады деген сөз емес. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек»,- дейді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Күнделікті бізде короновирус індетін жұқтырушылар саны азайып келе жатыр. Бұл өте жақсы жаңалықтардың бірі. 18 қараша күні бізде 20 адам короновирус індетін жұқтырған. Оның ішінде 14 симптомды, 6 симптомсыз. Қазіргі таңда біз ауруханаларда төсек-орындардың бәрін қысқартқан болатынбыз. Қазір бірнеше ауруханаға ғана короновируспен ауырғандарды емдеп жатыр».
Қазіргі таңда короновирустық инфекцияға қарсы «Pfizer» вакцинасымен 96437 адамды егу жоспарланып отырған көрінеді. Оның 8470 жүкті әйелдер болса, 87697-сі 12-17 жастағы балалар.
Айта кетейік, 15 қарашадан бастап Шымкентте 12-18 жас аралығындағы балалар мен жүкті және бала емізетін әйелдерге «Pfizer» вакцинасын егу басталды.
Гүлдана Дәурен