Қазақстандықтар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылады

38

ҚР Премьер министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында ауыз сумен қамту мәселесі талқыланды. Жиында баяндама жасаған министрлердің айтуынша қазіргі таңда халықтың суға қолжетімділігі 94,6 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш қашан 100-ге жетеді? Бұл сауалдың жауабын білу үшін келесі бейнематериалға назар аударыңыз.

Қазақстандықтардың суға қолжетімділігі әр түрлі. Еліміздің 3 өңірінде жоғары деңгейде болса, 4 аймағында керісінше төмен екен. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі мәлімдеді. Айтуынша жалпы 6 316 ауылдың 3 991-і орталықтандырылған сумен жабдықталған, ал 403 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылған. Мемлекет басшысының тапсырмасын уақытылы орындау мақсатында қалған 1 922 ауылдың мәселесін шешу үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: «Бүгінгі таңда өңірлерде таза суға қолжетімділік әртүрлі деңгейде. Ауыз сумен қамту деңгейі 3 өңірде: Атырау, Алматы және Қызылорда облыстарында жоғары. Жекелеген өңірлерінде артта қалу байқалады. Ауыл халқын ауыз сумен қамту деңгейі 4 өңірде төмен. Олар: Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары. Сумен қамтамасыз ету деңгейін артыру үшін көрсеткіштері төмен өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді».

Бейбіт Атамқұлов ауылдардың сумен жабдықталуына мониторинг жүргізу үшін интерактивті карта әзірленгенін хабарлады. Сондай-ақ оның ерекшелігін түсіндірді. Министрдің сөзінше картада әрбір ауыл бойынша қажетті ақпараттың барлығы көрсетілген екен.

Бейбіт Атамқұлов,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі: «Сумен жабдықтау, қаржыландыру, қаражатқа қажеттілік, халық саны, желілердің ұзындығы, тозу және тағы басқа қажетті мәліметтер. Карта интернетте ашық орналасқан. Яғни, кез келген азамат ол картадан өзін қызықтыратын ауылды көре алады. Біз интерактивті картаны қосымша функциялармен жаңартып жатырмыз. Онда халықпен кері байланыс орнату үшін су беру тұрақтылығы және көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы ақпарат қосу шаралары қабылданып жатыр».

Жалпы, 2025 жылға дейін Қазақстан 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілуі керек. Бүгінгі таңда ел бойынша сумен жабдықтау көрсеткіші 94,1 пайызды құрайды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтуынша жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 98-ге жетеді.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі: «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 5 жыл ішінде жалпы құны 36 млрд. теңге болатын 11 топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту жоспарлануда. Соның нәтижесінде 23,3 мың адамы бар 63 ауылдық елді мекен сумен қамтамасыз етіледі және 37 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылады».

Айта кетейік, елді мекендерді сумен қамтамасыз ету көрсеткішін 100 пайызға жеткізу үшін 5 жыл ішінде шамамен 1,5 мың километр топтық су құбырлары салынады деп жоспарлануда.

Мөлдір Ибадуллаева