Қалада тұрады: Бірақ ауылдан айырмашылығы жоқ

200

2014 жылы Шымкент қаласының құрамына кірген елді мекендерді қалаға жақындастыру жұмыстары қайта қолға алынды. Қала әкімі Ерлан Айтахановтың тапсырмасына сай енді аудан әкімдері бөлінген қаражаттың басым бөлігін осы елді мекендердің мұқтажына жұмсауы тиіс. Қала халқы атанғандарына аз ғана уақыт өткен тұрғындармен Еңбекші ауданының әкімі кездесу өткізіп күрмеуі көп мәселелерін талқылады.

Мектепке жиналған 5 елді мекен тұрғындары бүгін аудан әкіміне жолдаған сауалдарын бұған дейін де талай рет көтергенін айтып, ашынды. 20 мыңға жуық тұрғыны бар елді – мекенде ауызсу тапшы, өзге жұрт секілді 24 сағат бойы сапалы су ішу арман дейді ақсақалдар.

Шымкент қаласына қосылған 40 елді – мекеннің 16-сы осы Еңбекші ауданында екен. Аудан әкімі Ғалымжан Ильясов тұрғындардың коммуналдық мәселелерін шешу жолдарын қарастырып жатқанын айтып ақталды.

Ауыл тұрғындары құқық қорғау органдарының қызыметкерлеріне де өкпелері қара қазандай екен. Кездесуге осы саланың тізгінін ұстаған шенділердің келгеніне таңданған көпшілік шағымдарын қарша боратты. .

Өкінішке орай, айтылған шағымның бірде біріне мардымды жауап болмады. Жұртқа берілген жаттанды да шығарыпсалма жауап көпшіліктің көңілін құлазытты. Айтылған мәселені қағазға түртіп алғандардың бұл жолғы әрекеттері қандай боларына уақыт төреші. Ал ауыл тұрғындары шенеуніктерге тағы біраз бұйымтайын аманаттап, аттандырды.

Нұрлан Күдерұлы