Шымкентте алаяқтыққа қатысты қылмыс саны артқан

254

Бүгін Шымкент қалалық прокуратурасында қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін дайындаудың мәселелері қаралды.

Ағымдағы 9 айдың ішінде Шымкентте жасалған қылмыстың 33,2 пайызын түрлі алаяқтық ісі құраған. Сәйкесінше, бұл нәтижемен ел аумағында антикөрсеткіштің үштігіне тұрақтап отыр. Бұл туралы қалалық прокуратура өкілдері мәлімдеді.

Айдос Лебаев, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Отырыста қала прокуроры тіркелген қылмыстардың жалпы санының 1,8% немесе 8598-ден 8753-ке дейін өсуіне назар аударды. Оның ішінде 33,2% немесе 2912 алаяқтық, қаржы пирамидасын құру – 66 немесе 0,7% құрайды. Интернет ресурстарын пайдалану арқылы жасалған алаяқтық қылмыс фактілерінің 58% немесе 322-ге өскен».

Көбіне жеңіл жолмен пайда табуды кәсіп еткендер жәбірленушінің банк карталарындағы қаржыны қолды қылып, онлайн несие рәсімдеп, ақшаны еселеп көбейтемін деп алдайтын көрінеді. Одан бөлек түрлі интернет қосымшаларын пайдаланып, иелігінде жоқ мүлікті сатумен айналысатындар да кездеседі екен.

Айдос Лебаев, Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі: «Қазіргі таңда алаяқтық ең көп тараған түрі – интернеттегі тегін сайттарға жарияланған тауарларды сатып алып алданғандар. Солай банк картасындағы реквизит сандарын сұрап, алдын ала төлем жасауын сұрайды. Сондай-ақ, онлайн несие рәсімдейтін болады».

Құқық қорғау органдары, оңай олжаға кенелемін деп опық жемес үшін сақтық шараларын ұстануға шақырады. Әсіресе қаржы аударымдарына қатысты мұқият болған жөн. Себебі бүгінде, дәл осы бағыттағы қылмыстың саны мен түрі күн санап артып келеді, дейді, мамандар.

Әлихан Файзханов