Түркістанда қазақ даласының батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған халықаралық турнир аяқталды. Екі күнге созылған дүбірлі долада шын мықтылар жеңіске жетті. Жоғары деңгейде жалауы желбіреген бұл күрес бəсекесі талайларды тамсандырды. Спортсүйер қауым қазақ күресінен өтетін доданы сағынып та қалыпты.
74 келі салмақта бас жүлдені шымкенттік балуан Жұмажан Қожамбеков еншілесе, күміс жүлдені оның жерлесі Нұрдəулет Бақтыбайұлы иеленді. Ал қос қола жүлдені ақмолалық Рамазан Қуандықов пен Қарағанды облысының қыраны Алмас Махажанов жеңіп алды.
82 келі салмақтағы балуандар белдесуі де тартысты өтті. Мұнда екі бірдей Олимиада ойындарына қатысқан түркістандық талантты балуан Дидар Хамза жеңімпаз атанды. Күміспен «күптелген» Қарағанды облысының өкілі Мұхит Қарғабай өз өнерімен көпшілікті тəнті етсе, алматылық жас балуан Амангелді Төлемысов пен Өзбекстанның бетке ұстар балуаны Сарвар Шомурадов жүлделі үшінші орынды қанағат тұтты.
90 келі салмақта бабы мен бағы келіскен Шымкент қаласының дарынды балуаны Ерсұлтан Мұзаппаров жеңістің шыңын бағындырды. Жауырынды апайтөс саңлақтар арасында күміс жүлдені Ақмола облысының мақтанышы Әсет Жүнісов иеленсе, жасындай жарқылдаған жамбылдық Азат Рысбек пен Сыр өңірінің саңлағы Еңбек Сақтағанов қола медальді еншіледі.
100 келі салмақ дәрежесінде қарсыластарын тізе бүктірген шымкенттік Марат Байкамұров алтын жүлдені мойнына тақты. Бұдан басқа көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Түркістан облысының оғланы Қайсар Шамшидинов күміс жүлдегер атанды. Қызылордалық Нұрым Сəлімгереев пен қарағандылық балуан Мейірбек Байжігіт қола жүлдені місе тұтты. +100 келіде белдескен Сыр өңірінің тағы бір таланты Мақсат Исағабылов бас жүлдені жеңіп алды. Ақтөбелік Еламан Ерғалиев күміс жүлденің иесі атанса, алматылық Ерсұлтан Жорабек пен Жамбыл облысының намысын қорғаған Ғалымжан Қырықбай үшінші орыннан көрінді.
Жұртшылықты «түйе балуандар» сайысы ерекше қызықтыратыны сөзсіз. Әрбір бәсеке тартысты өтті. Шеберлігімен көпшілікті таң қалдырған Жамбыл облысының мақтанышы Ғалымжан Қырықбай барлық қарсыласын жеңіп, Қажымұқан турнирінің «түйе балуаны» атанды. Сөйтіп, ұйымдастырушылар әзірлеген жаңа автокөліктің иесі атанды. Талай əлемдік додаларға қатысып, ел намысын қорғап жүрген шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров жүлделі екінші орынды, қызылордалық Мақсат Исағабылов үшінші орынды жеңіп алды.
Жарыстың екінші күні белдесуде 55 , 60 жəне 66 келі салмақтағы спортшылар бақтарын сынады. 66 келіде жамбылдық Аслан Сазанбай жеңімпаз атанды. Күміс жүлде жамбылдық Асылхан Дүйсенбекке бұйырды. Қос қола жүлдені Алматы мен Атырау облыстарының намысын қорғаған Ербол Алдухан мен Бекет Жүніс олжалады. Боз кілемде 55 келі салмақ дəрежесінде бабы мен бағы қатар жанған қарағандылық Нұржан Тілеухор — алтын, оның жерлесі Досжан Əбілқас күміс алқа иегері атанды. Тəжікстанның өкілі Мехрзод Суфиев пен Алматы қаласынан келген Ерболат Құлжанов қола жүлдені еншіледі. 60 келіде қарсыластарын тізе бүктірген Қарағанды облысының жас балуаны Еламан Қуанбай бас жүлдеге иелік етті. Ал күміс жүлде Алматы қаласының намысын қорғаған Дауылбай Оспанға бұйырды. Қола жүлдені қызылордалық Данияр Оралбаев пен шымкенттік Атабек Əмірəлі бірге бөлісті.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін ҚР Парламенті Сенатының депутаты Əлімжан Құртаев пен Түркістан облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев, сонымен қатар «Қазақстан барысы» республикалық жарысының үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев марапаттады.
Осылайша, Түркістан жұртшылығы қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан бабаның мерейтойын жоғары деңгейде атап өтіп, қазақ күресінің мәртебесін асқақтата түсті.