Úı ANONS Қытайдан Түркістанға 148 миллиард теңге инвестиция тартылды

Қытайдан Түркістанға 148 миллиард теңге инвестиция тартылды

 Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы екінші «Алтын отыз жылдыққа» қадам басты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Хубэй провинциясында ірі келіссөздер өткізіп, 148 миллиард теңгелік 17 инвестициялық жобаны талқылады. Бұл келісімдер өңірді «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізіндегі басты логистикалық хабқа айналдыруға мүмкіндік береді. Десе де, тараптардың ортақ мүддесі тек саудамен шектелмейді. Екі өңірді жақындастыратын тағы қандай тың жобалар бар? 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Хубэй провинциясына сапары барысында губернатор Ли Дяньсюньмен келіссөз жүргізді. Тараптар 148 миллиард теңгелік 17 инвестициялық жобаны дамытуды және өңіраралық логистиканы жандандыруды басты міндет етіп қойды. Бұл бауырластық қарым-қатынас 2024 жылы Астанадағы саммит аясында ресми бекітілген «Жол картасымен» жалғасын тауып отыр.

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік мемлекет басшыларының тұрақты әрі сенімді диалогының арқасында жаңа деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин өткізген нәтижелі кездесулер екіжақты ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастырды. Бұл ретте, Президентіміз мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың достық пен стратегиялық серіктестіктің екінші «Алтын отыз жылдығына» қадам басқанын айрықша атап өтті. Осы орайда, екі мемлекет басшылары айқындаған басым бағыттарды Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы өңіраралық деңгейде тиімді жүзеге асыруда».

 Хубэй – Қытайдың орталық бөлігіндегі жетекші өңір. 60 миллионнан астам халқы бар провинция автомобиль жасау, металлургия және оптоэлектроника салаларында көш бастап тұр. Оның әкімшілік орталығы Ухань қаласы – Еуразия кеңістігіндегі ірі көлік-логистикалық хаб. Ухань арқылы өтетін халықаралық теміржол бағыттары Түркістанның транзиттік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді. Сондықтан тараптар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізін тиімді пайдалануға және жүк айналымын жеделдетуге ерекше мән беруде.

ЛИ ДЯНЬСЮНЬ, ХУБЭЙ ПРОВИНЦИЯСЫ ГУБЕРНАТОРЫ: «Біз Қазақстанмен қалыптасқан достық қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында сауда-экономикалық байланыстарды нығайтып, инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүдделіміз. Сонымен қатар ғылым, білім беру, мәдениет және логистика бағыттарындағы өзара ықпалдастықты кеңейтуге дайынбыз. Түркістан өңірі Қытай мен Еуропаны байланыстыратын маңызды логистикалық көпір бола алады».

Кездесу соңында облыс әкімі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің әлеуетін таныстырды. Қытайлық саяхатшылар үшін өңірдің тартымдылығын арттыру және өзара мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту бағытындағы нақты қадамдар айқындалды.

Ботакөз Әнуар