Түзеу мекемесінде де Тұңғыш Президент күні атап өтілді

120

Тұңғыш Президент күні түзеу мекемесінде де атап өтелуде. Жазасын өтеушілер үшін шарада ән айтылып, әр түрлі аспапта ойнайтын өнерпаздар концерт қойды. Мұндағы мақсат – тар қапастағы өмірден тарыққан азаматтардың көңіл күйін бір сәтке көтеру.

Бүгін сотталғандар мен айыпталушылар бір серпіліп қалды. Тұңғыш Президент күніне орай 167/2 түзеу мекемесінің акт залында концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада жазаларын өтеп отырған азаматтар үшін әртістер ән айтып, өнерлерін паш етті. Көпшіліктің көңілінен шыққан қойылымға көрермендер қошемет көрсетті.

Түзеу мекемесінің қызметкерлерінің айтуынша, мұндай іс-шара жиі өткізіліп тұрады. Оның мақсаты сотталған азаматтарды тәртіпке келтіріп, бостандыққа шығуға дайындау болып табылады.

Мағжан Сембек, ИЧ 167/2 түзеу мекемесі бастығының орынбасары: «Бұл концерттік іс-шараны Шымкент қаласының мәдениет орталығымен бірлесіп, соларға жаңағы хат жазып, әншілерді ішке шақыртып, мынау сотталғандарға патриотизм өздерінде қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатыр. Мұның басты мақсаты – сотталғандарды қайта қалпына келіп, түзу жолға түсіріп, қайта бостандыққа, қауымға қосу».

Айта кетейік, ИЧ 167/2 түзеу мекемесінде қазіргі таңда 700-ге жуық жазасын өтеуші азаматтар бар. Оның бірнешеуі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылыққа ілігіп, бостандыққа шығады.

Әлихан Файзханов