«Бағамыз автобустан арзан». Такси жүргізушілері талап қойды

115

«Яндекс такси» қызметінің 400-ге жуық жүргізушісі қаланың орталық саябағында жиналды. Бас көтеріп шығудағы басты талап –  бастапқы отырғызу құнын көтеріп, жүргізушілер таксопаркке төлейтін пайыздың көлемін төмендету дейді жүргізушілер. Дегенмен, қымбатшылық қысқан тұста табысы күннен күнге азайып бара жатқан такси жүргізушілерінің талабын орындап, сұрақтарына жауап беретін маман қазірше табыла қойған жоқ.

«Посадканы көтерсін немесе процентті түсіріп беруін талап етіп жатырмыз. Мысалы 6-7 километрге 490 теңгеге барамыз, оған 4 адам мінеді, автобустан арзан боп кеттік»,-дейді жүргізушілер.

 

Шымкент қаласының орталық стадионына жиналған 400-ге жуық «Яндекс.такси» қызметінің жүргізушілері  наразылығын білдірді. Талаптары – бастапқы отырғызу құнын көтеріп, жүргізушілер таксопаркке төлейтін пайыздың көлемін төмендету.

 

Әмірхан Борбасов аталған такси қызметінде 5 жылдан бері жұмыс істейді екен. Жүргізуші «Тапқан аз табысымыз ұстайтын пайыз бен жанар майдан артылмайды, сонда балаларымызды қалай асыраймыз?» деп күйініп отыр.

Әмірхан Борбасов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Процентіміз өте жоғары, Астана, Алматы деген қалалармен бірдей болып тұр. Бірақ ол жақтардың посадкасы 500-ден 1000-ға дейін. Ал бізде сол баяғы 250 теңгемен қалды. Бізге ол аз. Амортизация бар, төлейтін процентіміз бар. Остановканың алдында тұратын клиенттер бар, оларға барып тоқтасақ, штрафқа түсеміз. Клиенттеріміз жолдың бойында тұрады, оған барып тоқтасақ штрафқа түсеміз. Біз бала-шағамызға табыс тауып апару да қиын боп қалды».

Ал Азамат Қоқанбаев 2 жылдан бері Ордабасы ауданынан келіп жұмыс істейтін көрінеді. Күніне 40 шақырым жол жүріп келетін жүргізуші істеп жатқан жұмысы мен табатын табыс бір-біріне үйлеспейтінін айтады. Азамат, егер бұлай жалғаса берсе, мүлде табыссыз қаламыз деп уайымдайды.

Азамат Қоқанбаев, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Мынау Ордабасы ауданы Темірлан аулынан күнделікті келіп-кетіп жасаймын, 40 км күнделікті жанармайым бар, күнделікті комиссия бар, комиссияға күнделікті 3500-4000 теңге кетеді маған. Таңғы 7-де қалаға келсем, түнгі 11 жарым-12ге дейін жұмыс жасаймын да, үйге 5-6 мың теңге алып барам. Жанар май, комиссиядан бөлек. Біздің барлығымыздың талап – 500 теңгеге көтерсін, одан кейін процент 17 емес, 13-11 процентке түссе дейміз».

Жиналғандар «Яндекс.такси» қызметіне Шымкент бойынша 12 мыңнан аса жүргізуші тіркелгенін айтады. Ал күніне шамамен 3-4 мың адам жұмысқа шығады екен.

Ыбырай Темірханов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осыны өзі Қазақстанда реттейтін органдар жоқ па негізі деп жатқаным да! Тоқтатамыз яндексті, түгелімен Шымкент полный, балалар бәрі еріккеннен жиналып жүрген жоқ, барлығы бала-шаға нан деп жүр».

Мәселені жеткізу үшін такси қызметінің ақпараттық қолдау орталығына хабарластық. Алайда, сұрақ, жауапсыз қалды.  Шымкентте аталған қызметтің 10-ға жуық таксопаркі бар екен. Алайда олардан да мардымды жауап болмады.

Сөздерінше, барлық сауалдарға бас қаладағы немесе Алматыдағы кеңселерде ғана жауап береді екен.

«Яндекс таксидің тікелей өкілі деген ұғым жоқ! Бас кеңсе Алматыда болу керек, нақты білмеймін. Біз олармен тікелей байланысқан емеспіз. Ешкім де тікелей байланыса алмайды. Бағаның бәрін жағдайларға қарап, яндекс өзі қояды. Оған біздің қатысымыз жоқ»

Жиналған жүргізушілердің мәселесінің шешімін айтар жан табылмады. Сауалдарына жауап таппай дал болған такси жүргізушілері «Бізге құлақ асу үшін, енді кімге барып шағымдануымыз керек?» дейді. Егер бұл бассыздық тоқтамаса, барлығы бірдей аталған жұмыстан бас тартамыз деп отыр.

                                                                                                     Гүлдана Дәурен