Депутаттар орманшылармен кездесті

144

Шымкент қаласының халық қалаулылары енді табиғатты қорғау басқармасының жұмысын бақылайтын болады. Қаладағы жасыл желектерге кім және қалай жауап береді, қанша ақша бөлінді және қанша ағаш отырғызылды деген сұрақтарға жауап іздейді.

Депутаттар кадрлардың жетіспеушілігі мен жалақының төмендігіне шағымданған орман шаруашылығының қызметкерлерімен кездескен еді.

Мұнда 900-ден астам гектар жерге 200 мың түп қарағаш отырғызылған. Басым бөлігі егіліп қойса да, туындап жатқан мәселе бар. Бұл жерде автоматты суару жүйесі жоқ, сондықтан суды цистерналармен әкеліп, қолмен суаруға тура келеді. Бұл жалғыз мәселе емес. Сондай-ақ, еккен көшеттерді бөтен малдар үнемі бұзып кететін көрінеді. Ал бұл жұмысты орман шаруашылығында ешкімнің істегісі келмейді, оның үстіне жалақының көлемі де мардымсыз екен.

Сабыржан Арысбай, Саябақ директоры: «Бізде бұл жерде жер мәселесі толық шешілмеген, бұл бір. Екіншіден, су мәселесі тіптен шешілмеген жерге 200 гектар егеміз деген. Ол тіпті сәйкес келмейді. Жылқы кеп жатыр, сиыр кеп жатыр. Таңертең ерте шыққанда өріске өзі шығып жатыр да, адамдарымыз айдап жатыр, бірақ үйреніп қалған мал ғой. Сосын айлығын көтермесек, 55-65 мыңға жетер-жетпес».

Қаланың оттегімен, тұрғындардың таза ауамен демалып жатқаны осы жасыл желектің арқасында. Осы мақсатта бөлінген қаражатты бақылап қана қоймай, ағаш-талдардың жақсы өсуі үшін сапалы жұмыстар жүргізілуі керек дейді депутаттар. Нұр Отан партиясында жол картасының барлық бағыттарына бақылау жүргізіледі, оны орындауға әрбір шенеунік міндетті.

Әйгерім Жұмағұлова, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Бұл жерде бүгінгі таңда 900 гектарға 120 мың ағаш отырғызылған екен. Біз сол ағаштардың бұдан ары қарай күтіліп ұсталуын бақылайтын боламыз және ұсталу барысында 1-2 мәселелерді айтты жасыл белдеу мекемесі. Бірінші кезекте мамандардың айлық мәселесі бар және де күтіп ұстау барысындағы суару мәселесі бар. Соны біз бақылауды ұстап көмектесуге тырысамыз».

 

200 жүз мың қарағаш көшеттерін отырғызу үшін бюджеттен 22 млн теңге бөлінген, әкімдіктегілер олардың басым бөлігі отырғызылғанын айтады. Депутаттар өз кезегінде бәрін тексеріп, ағаштардың күтіп ұсталуын назарға аламыз деп сендірді.

                                                                                           Әлихан Файзханов