Шымкентте тәуліктік жалдамалы пәтерлердің бірінде жас қызды өлтіріп кеткен. Бейресми мәлімет бойынша мәйітті өртем жібермек болған екен. Қайғылы оқиға бүгін түнде орын алған. Полиция өкілдерін көршілері шақырған. Олар алдымен пәтерден шыққан айқай-шуға шағымданған, кейін жағымсыз иіс сезіпті.
Шымкенттегі Тыныбаев көшесінде орналасқан тәуліктік жаладамалы пәтерден 22 жастағы қыздың мәйіті табылды. Көршілерінің айтуынша, көпқабатты тұрғын үйдегілер сауық-сайран жасап, қатты айғайға басқан. Алайда бір сәтте жалдамалы пәтердегі шу тиылып, жым-жырт болып қалған көрінеді.
Бей ресми мәлімет бойынша қылмыскерлер ізін жасырып қалу үшін мәйітті өртеп жібермек болған. Оқиға орын алған бесінші қабаттың кіреберісінде адам төзгісіз күйіктің иісі байқалады. Ал пәтердің есігі пломбаланған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл көпқабатты тұрғын үйдің аты шулы екен. Мұнда тәуліктік бірнеше пәтер бар көрінеді.
«Бесінші қабаттағылар үнемі мазамызды алады. Олардың бұл жерде ғана емес келесі бірінші подьезде де пәтерлері бар. Тіпті көршілер олармен төбелескен де сәттер болды. Өйткені айқай-шу өте көп. Қаты болатыны соншалықты қыздарым ұйықтай алмай жатады. Біз бұл туралыжауаптыларға бірнеше рет айттық».
«Жалдамалы пәтерлер бірінші және үшінші подьезде бар деп естігенмін».
Мәйіт табылған үйдің жанында бейнебақылау камералары орнатылған бірнеше мекеме бар. Бұл жан түршігерлік оқиғаға қатысты күдіктілерді анықтауға көмек беруі керек. Полиция департаменті өкілінің айтуынша қазір оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Мөлдір Бекеева, Шымкент қалалық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы:
«Тексеру барысында жедел-тергеу тобы 1998 жылы туылған азаматшаның аталған пәтерді 2021 жылдың 30-қарашасында таңғы сағат 07:00-де жалға алғанын анықтады.
Оқиға орнынан қайтыс болған азаматшаның жеке заттары тәркіленіп, қол саусақтарының іздері алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде».
Айта кетейік, бұл мегаполистегі соңғы онкүндікте орын алған екінші кісі өлімі. Бұған дейін Шымкенттегі жалдамалы пәтерлердің бірінде 23 жастағы қызды пышақтап кеткен еді.
Мөлдір Ибадуллаева