Шымкентте 112 отбасыға баспананың кілті табысталды

165

Шымкентте бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған 112 отбасыға баспанының кілті табысталды. Бұл пәтерлер көпбалалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы жанұяларға үлестірілді.

Сондай-ақ, қала тұрғындары үшін 240 жаңа автобус пайдалануға берілді. Аталмыш іс-шараларға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов пен арнайы сапармен Елордадан келген Қазақстан Республикасының Мемлеткеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қатысты.

Шымкенттің Нұрсәт шағынауданында тұрғын үй кезегінде тұрған 112 отбасы бүгін баспаналы болды. Оның бәрі көп балалы және әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы жанұяларға үлестірілді. Атаулы шараға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов тұрғындарды үйлі болуымен құттықтап, баспананың кілтін табыс етті.

Мұрат Әйтенов,  Шымкент қаласының әкімі: «Көптен күткен баспанаға қол жеткізіп отырған азаматтарға қоныс құтты болсын дейміз. Үйдің іші балалардың қуанышы мен күлкісіне толсын, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілейміз’.

Сондай-ақ, үшінші мегаполис тұрғындарының қуанышына ортақтасып, қоныстойымен құттықтап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев арнайы келіпті.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:  «Баспананың мәселесін бәрін де түсінеміз, өзіміз де кезінде жатақханада тұрдық. Өзімнің 3 баламның екеуі жатақханада келген. Сондықтан бәріңізді түсінеміз. Қаланың әкімі айтқандай, мүмкіндігі шектеулі отбасы мен көпбалалы отбасылардың бүгінгі пәтер алып жатқаны қуаныштарына шын жүректен қуанып, тағы да құтты болсын айтамыз».

Ал жеті баланың анасы Зубайра Көшкінбаева 6 жыл тұрғын үй кезегінде тұрып, бүгін 3 бөлмелі пәтерге қоныстанып отыр. Көптен күткен баспанасына бүгін қол жеткізген ол қуанышымда шек жоқ дейді.

Зубайра Көшкінбаева,  Шымкент қаласының тұрғыны:  » Өте қуаныштымын. Басым көкке жетті ғой. Аспанда ұшып жүрген сияқтымын, өте қуаныштымын. Мен сияқты үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар, мүгедек аналар барлығына жұғысты болсын деймін».

Сондай-ақ, бүгін тәуелсіздіктің отыз жылдығы мерекесі қарсаңында халық игілігі үшін 240 жаңа автобус пайдалануға берілді. Олар жалпы 12 бағытта қатынайтын болады. Қазіргі таңда 13 тасымалдаушы компания жолаушыларға 75 бағыт бойынша қызмет көрсетуде.

Оның ішінде 57 маршрут әлеуметтік маңызы бар бағыт ретінде белгіленіп, жергілікті бюджеттің есебінен субсидияланып отыр.

Ержан Жолдасов, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:  «Жалпы қосқан кезде бүгінгі таңда 3 жылға дейінгі автобустардың жағдайы 90 пайызды құрап отыр. Мысалы, әлеуметітк желіде көптен бері шулап жүрген Тұрандағы 17, 158, 133 бір сегіз маршрутты үлкен YUTONG-тарға ауыстырамыз. Мысалы, Тұранда бүгінгі күнде 10 автобус жүрсе ANKAI, енді 16 автобуспен Ютонгтармен жүреді. Бұл өте үлкен, оқушылардың сыймай қалуы мәселе болмайды».

Сонымен қатар, қалалықтар енді қоғамдық көліктерде KASPI QR арқылы электронды төлем жасай алады. Барлық автобустар цифрлық жүйелер және GPS қондырғылармен жабдықталған. I-Kolik мобилді қосымшасы арқылы тұрғындар қоғамдық көліктің қозғалысы жайлы ақпарат алып, өзіне қажет автобустың қайда келе жатқанын да бақылай алады.

Әлихан Файзханов