Шымкентте жаңа жылды тойлауға рұқсат етіледі ме?

225

Шымкент қаласында эпидахуал тұрақты. Ал «жасыл» аймақтағы тұрғындар алдағы мерекелерге дайындықтарын бастап та кеткен.

ҚР Денсаулық сақтау министрі жаңа жылды тойлауда әр өңірдің санитар дәрігерлері жеке шешім қабылдайды деген. Үшінші мегаполиске жаңа жыл мерекесін тойлауға рұқсат берілді ме?

Біраз уақыт бұрын Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа жыл мерекесін тойлау әр өңірдің қандай аймақта болғанына байланысты екенін айтқан еді.

Сондай-ақ, министр бұл мәселені әр облыстың бас санитар дәрігері айтады деді. Егер дерт дендей бастаса, қауіпсіздік шаралары күшейеді. Дегенмен, қазір елімізде эпидахуал тұрақты дейді денсаулық сақтау министрі.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:  «Біз үшін қазіргі жағдайды тұрақты ұстап қалу, тезірек вакцинациялау өте маңызды. Біз ТМД-да вакцинация бойынша бірінші орынға шықтық. Жұмыс қарқыны жаман емес. Бізде біртіндеп ұжымдық иммунитет қалыптасып келеді».

Ал қаламыздағы мамандар Шымкент «жасыл» аймақта болғанына қарамастан, қала деңгейінде мерекелік шаралар өтпейді дейді. Мұның басты себебі – «омикрон» штаммының пайда болуында екен.

Алдарқұл Ахметов,  Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:» Шымкент қаласы жасыл аймақта болуына қарамастан, жалпы ҚР Бас Санитар дәрігерінің қаулысы бар. Және Шымкент қаласы СЭБД басшысының қаулысы бар. Осы қаулылыарға сәйкес жалпы Шымкент қаласында мерекелік корпоративтерді тойлауға тыйым салынған.  Шымкент қаласы тұрғындарына ескертерім қаулы талаптарын орындау керек, мерекелік корпоративтерді өткізуге болмайды. Одан бөлек мектептерде, балабақшаларда  жаңа жылдық шыршалар өткізуге тыйым салынған».

Карантиннен енді ғана шыққан жергілікті тұрғындар болса, мереке қалалық деңгейде аталып өтсе дейді.

Дегенмен мейрамханаларда ашық жобасы болған жағдайда отбасылық жиындар өткізуге рұқсат етіледі. Алайда, тек 100 адамға дейін. Сондай-ақ мамандар мерекені мегаполис деңгейінде атап өту эпидахуалға тікелей байланысты екенін айтты. Ал шымкенттіктер, вирустың беті қайтса, әлі де тойлауға үмітті.

Гүлдана Дәурен