«Жыл соңына дейін депозит ашып, мемлекеттен сыйақы алуға болады»

202

Отбасы банкінің салымшылары жаңа ипотекалық бағдарламаға қатыса алады. Айтулы банк тұтынушыларына тиімді шарттармен екі тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алу ұсынылып отыр. Енді бастапқы төлем үшін соманың жартысын жинаудың қажеті жоқ, тек 30 пайызын төлеу жеткілікті.

Отбасы банкі өз салымшыларына тиімді шарттар бойынша тұрғын үй сатып алуға атсалысып келеді. Тұрғын үй банкі қаладағы ірі құрылыс компаниясымен бірлесе отырып жаңа ипотеканы жүзеге асыруда. Бағдарлама бүгін қала тұрғындарына таныстырылды. Енді пәтерді қосымша кепілсіз, жылдық 7% – бен, сондай-ақ, мөлшерлемені одан әрі төмендете отырып сатып алуға болады. Жаңа бағдарлама 30% – ға төмендетілген бастапқы жарна арқылы тұрғын үйге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Дәурен Саудабаев, Шымкент қаласындағы Отбасы банкі АҚ филиалының директоры: «Пәтер сатып алу туралы шешім қабылдаған кезде бастапқы жарна – ең маңызды фактордың бірі. Яғни, 50 пайызын жинауға қарағанда 30%-бен алу оңай және тиісінше тұрғын үйді сатып алудың өзі банк клиенті үшін, Шымкент қаласының тұрғыны үшін қолжетімді болады»

«Оңтүстік Құрылыс Сервис» компаниясы тұтынушыларға тұрғын үйдің комфорт және бизнес класс түрлерін ұсынады. Бүгінде көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған тұрғын үй кешенінің құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарланып отырған көрінеді. Жаңа бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға несиенің максималды сомасы – 90 млн теңге, ал несие беру мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. Өтінімдерді қабылдау басталып та кетті. Арай Тілеуова жаңа бағдарлама бойынша екі бөлмелі пәтер сатып алуды жоспарлап отырмын дейді.

Арай Тілеуова, Шымкент қаласының тұрғыны:
«Алдын ала мақұлдама алып, келіп, осы компаниядан бронь жасадым. 50 пайызға қарағанда 30 пайыз жинау өте тиімді және тез. «Отбасы Банкі қарапайым халық үшін өте тиімді жағдайлар жасалған. Басқа банктерге қарағанда пайызы өте төмен. Келешекте 2-3 жылдан кейін тағы төмендетілген пайызға ауыстыруға болады. Сол себептен отбасы банкін таңдаймын»»

Отбасы Банкі қазақстандықтарға керемет мүмкіндіктер ұсына отырып, клиенті болуға шақырады. Банктің барлық салымшылары, оның ішінде жыл соңына дейін депозит ашқандар қаңтар айында мемлекеттен сыйақы ала алады. Егер сіз айтулы сыйақының иесі атансаңыз жинағыңызға 116 мың теңгеге дейін қаражат қосып алу мүмкіндігі бар.

                                                                                                     Гүлдана Дәурен

 

Лицензия/ 2021 жылғы 20 сәуірде берілген № 1.2.102/47