Мемлекет басшысы ел байлығының жартысын уысында ұстап отырған 162 адам туралы: Бұлай кете беруге болмайды

103
фото информ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың табысындағы теңсіздік туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«2020 жылғы ұлттық табыс құрылымында бизнестің табысы ең жоғары үлесті алған – 61,5%. Салықтардың үлесі небәрі 7,3%, ал қазақстандықтардың жалақысының үлесі үштен бірге де жетпейді – 31 пайыздан аз. Бұл өте аз. Мысалы, Ресейдің экономикалық құрылымы бізге ұқсас болғанымен, еңбекке ақы ның ұлттық табыстағы үлесі 46,7% болып отыр. Яғни біздікінен 1,5 есе көп. Ұлттық табысты әділ бөлудің айқын теңгерімсіздігі мен көрінеу проблемасы бар. Халықаралық сарапшылар, атап айтқанда KPMG, Қазақстан әл-ауқатының жартысына бар-жоғы 162 адам иелік етіп отырғанын мәлімдеді. Ал халықтың жартысының ай сайынғы табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл жылдық табысы 1300 доллардан әрең асады деген сөз. Мұндай ақшаға, әрине, өмір сүру мүмкін емес», – деді Президент Қазақстанның ірі бизнес өкілдерімен кездесуде.

Сондай-ақ елде экономикалық өсім бар болғанымен оның игілігін шектеулі элиталық топтар көріп отырғанын, халықтың басым бөлігнің табысы азаюы мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіредтінін ескертті. «Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік тұрғыда, одан кейін саяси бөлінуіне әкелуі мүмкін. Ондай жікшілдіктің алғашқы белгілері су бетіне шығып та үлгерді. Әрине, бұлай кете беруге болмайды. Тәуелсіздік алып, бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасалғаннан кейін кәсіпкерлер табын қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басты бағыты болды. Салықтық жеңілдіктер, преференциялар, қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары ұсынылды. Экономикалық модель бизнеске дамуға мүмкіндік берсе, жұмыс орындары мен халықтың табысы соның есебінен артады деген сенім болды. Бұл көп жағдайда жұмыс істеді, бірақ күткен нәтижені толық көлемде ала алмадық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.