Шымкентте 45 полицей жарақаттанған

192

Шымкентте бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Төтенше жағдай режимі қатаң бақылауда. Қалада жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген күдікпен 2 716 күдікті ұсталды. Оның 177-сі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 175-і 15 тәулікке қамауға алынып, екеуіне айыппұл салынды.

Ал түрлі дене жарақаттарын алған полицейлер саны — 45. Оның екеуі жансақтау бөлімінен арнайы бақылаудағы палатаға ауыстырылған. Қайтыс болғандар жоқ.

Айта кетейік, үшінші мегаполисте барлық коммуналдық мекемелер мен кәсіпорындар қалыпты режимде жұмыс істейді. Сондай-ақ, қала әкімдігі және халықты жұмыспен қамту орталығы сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Медициналық мекемелер жұмыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін. Ал демалыс күндері емханалар мен ауруханаларда кезекшілік режимі енгізіледі.

Жедел жәрдем қызметі 24 сағат қоңырау қабылдай алады және стационарлар пациенттерді шұғыл жағдайда да қабылдап, жоспарлы емдеуге ауруханаға жатқызады. Балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары, Шымкент халықаралық әуежайы мен теміржол вокзалы қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Бүгінгі таңда рейстер мен теміржолдардың кестесі қалыпқа келтірілуде. Қаладағы барлық базарлар сағат 10.00-ден 18.00 аралығында ашық. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары интернет желісі толық қосылған кезде жұмысын бастайды.

Сондай-ақ, сауда орталықтары кешкі сағат 21.00 — ге дейін ашық болады. «Шымкент плаза» ойын-сауық орталығы 10 қаңтардан бастап қалыпты режимде жұмыс бастайды.

 Гүлдана Дәурен