Шымкентте соңғы тәулікте төрт жүзден астам адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғандығы белгілі болды. Ақхалаттылардың сөзінше, науқастар саны күннен-күнге өсіп келеді. Бұл ретте екпе бекеттерінде кезекте тұрғандар саны да артуда.
Шымкент қаласының тұрғыны Татьяна Полушина коронавирусқа қарсы вакцинаның күшейткіш дозасын алуға қаламыздағы 8 емханаға келді. Ол өткен жылдың мамыр айында «Спутниктің» алғашқы екі компонентін қабылдаған екен. Жетпіс екі жастағы зейнеткер індеттен өзін және жақындарын қорғау үшін, америкалық пфайзер екпесін салдырамын деп шешіпті.
Татьяна Полушина, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен өткен жылдың мамыр айында «Спутниктің» алғашқы екі дозасын салдырдым. Енді міне, алты айдан астам уақыт өтті. Ауырып қалмау үшін, бүгін ревакцинация жасадым. Әрине бәріміз індеттен қорқамыз. Десе де, оған қарсы тұруға мүмкіндігіміз бар. Мысалы, сіз ауырып қалған күнде, вакцина салдырған болсаңыз ауру жеңіл өтетініне сенімдімін”.
4 жылдан бері медбике болып қызмет етіп келе жатқан Ақару Сәбит те пфайзер арқылы өзін ковидтен қорғауды шешіпті. Ол емханада халыққа қызмет көрсетіп, көпшілікпен жиі қарым-қатынаста болатынын айтады. Осы себепті, ревакциядан өтуді дұрыс деп тапқан. Сондай-ақ, 24 жастағы азаматша сөзінде екпенің үшінші дозасын асыға күткенін жеткізді.
Ақару Айдарқызы, №8 Шымкент қалалық емхана медбике: «Алдыңғы екпені май айында алған едім. Осы пфайзер вакцинасын ұзақ күттім. Алдыңғы вакцинацияда Ресейлік «Спутник» екпесін алған едім. Бірақ өзімді кішкене ыңғайсыз сезіндім, қызуым көтеріліп түспеді. Мына пфайзерді жақсы дегеннен кейін, эффект кішкене жеңіл өтеді деп естігендіктен осы екпені алдым».
Вакцинация мен ревакцинация әзірге мемлекет есебінен тұрғындардың өз еркімен жүргізілуде. Көпшіліктің пікірінше, екпе салдыру коронавирустан қорғанудың жалғыз жолы.
Қаламызда індет жұқтырғандар саны күн сайын артып келеді. Шымкент әлі «қызыл» аймақта! Өткен түнде төрт жүз қырық төрт адамның вирус жұқтырғандығы белгілі болды. Сонымен қатар, ревакцинациядан өтуге ниет білдірушілер саны артып келеді. Емхана қызметкерлерінің айтуынша, мұнда күніне екі жүзге жуық адам қайта екпе алады.
Осы уақытқа дейін 18 жасқа толмаған жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін әйелдер ғана пфайзер вакцинасын қабылдауға құқылы еді. Енді бұл америкалық екпені медицина қызметкерлері мен алпыс жастан асқан қала тұрғындары да салдыруда.
Серғазы Әлменов, №8 Шымкент қалалық емхананың бас дәрігері: «Біздің медицина қызметкерлері, соның ішінде 60 жастан асқан адамдар, күн сайын көптеген науқастармен бетпе-бет келеді және бұл санаттағы адамдар неғұрлым осал, өйткені оларда созылмалы аурулар көбірек. Сондықтан үкімет деңгейінде осы санаттағы адамдарды пфайзермен қайта вакцинациялау туралы шешім қабылданды».
Бүгінге дейін алпыс мыңға жуық шымкенттік тұрғын Sputnik-VI, Verocel және Pfizer екпесін қабылдап, ревакцинациядан өткізілді.
Аида Қарсыбайқызы