Шымкентте ревакцинация үшін екпенің 4 түрі бар

124

Бүгінде Шымкент емханаларында жаппай қайта вакцина алу үшін тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұр. Екінші және үшінші екпе арасындағы мерзім 9-дан 6 айға дейін қысқарғаны туралы хабарламадан кейін емханаларда пациенттер саны артқан.

Шымкенттіктердің таңдауына вакцинаның 4 түрі беріліп отыр. Дегенмен, олардың қатарында америкалық файзер жоқ, ал тұрғындардың біраз бөлігі екпенің дәл осы түрін алғысы келетінін айтады. Қазір Файзер вакцинасын ақылы негізде жасау жоспарланып отыр.

57 жастағы Күласар Нәбиева – вакцинацияның толық курсын көктемде алған екен. Шымкенттік тұрғын екі вакцинаның да жеңіл өткенін айтады. Ревакцинация туралы хабарды естіген кезде дереу екпе алуға шешім қабылдап, емханаға келген. Бұл жолы ол, казвакты таңдапты.

Күласар Нәбиева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бұл аурумен менің ата-анам ауырып шықты, бірақ бірге жүрсем де маған ештеңе болмады. Маған ешқандай айырмасы жоқ, қандай вакцина шығарса соны ала беремін. Таңдаудан қателспедім деп ойлаймын».

Шымкент емханаларына ревакцинация мерзімінің қысқарғаны туралы хабарланғаннан кейін тұрғындар көптеп келіп жатқан көрінеді. Дәрігерлер пациенттердің көп бөлігі егде жастағылар екенін айтады. Олардың басым бөлігі «Спутник» екпесін таңдайды екен. Алайда, дәрігерлердің айтуынша бұрын ресейлік вакцинаны алғандар тек басқа екпе салғыза алады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда Шымкент қаласының барлық емханаларында 6000-нан астам адам ревакцинациядан өтті. Бізде Шымкентте вакцинаның үлкен таңдауы бар, олардың қатарында QazVac, CoronaVac, Hayatt, ВЕРОСЕЛ бар».

Қала тұрғындары арасында вакцина алу үшін америкалық пфайзерді ұзақ уақыт күткендер бар. Алайда аталған екпе түрі қазір Шымкентте жоқ. Ал оны салдыру тек ақылы түрде болады. Бірақ, денсаулық сақтау министрлігі екпе салу құнын әлі жарияламай отыр.

Пфайзерді жүктіліктің 16-37 аптасы аралығындағы әйелдер ғана тегін ала алады. Айта кетейік, Қазақстанда ревакцинация 22 қарашадан басталды. Елімізде 1 айға жуық уақыт ішінде 106 мың адам вакцинаның үшінші дозасын алған.

Гүлдана Дәурен