Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жолаушы тасымалдаушы компания қызметкерлеріне алғысын білдірді. Жаппай тәртіпсіздік кезінде біріге әрекет еткен олардың еңбегін бағалау керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, Мақсұт Исахов бұзақылық кезінде автобус пен «Сергек» камераларына қанша шығын келгенін мәлімдеді.
Елдегі жағдайға байланысты интернет желісі өшкен тұста Шымкент автобустары жолаушыларды тегін тасымалдады. Осылай деген қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бұл үшін тасымалдаушы компанияларға әкімшілік пен тұрғындар атынан алғыс білдірді. Айтуынша, жаппай тәртіпсіздік кезінде автобус жүргізушілері тәртіп сақшыларына қол ұшын созып, біріге әрекет етіп отырыпты.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бірінші күндері 50 автобустан, бүгінге дейін күніне 10 автобустан полиция және басқа да құқық қорғау органдарына тегін беріп отырмыз. Жүргізушілердің жалақысы, жанармай жалпы шығынды ешкім төлеп жатқан жоқ. Ол да тасымалдаушы компанияның шығыны. Залал келген нәрселерге келетін болсақ, біздің тасымалдаушы компанияға тиесілі 4 автобус жанып кетті. Сол 6-ы күні әкімшіліктің жанында бізде 5 автоубс болған адамдарды тасымалдауға. Сөйтіп біреуі шығып үлгерді, қалғаны үлгермеді».
Бұзақылардың әрекеті қоғамдық көлік иелерін орасан шығынға ұшыратқан. Оқыс оқиға кезінде өртке оранған 4 автобустың өзі шамамамен 200 млн теңгеден асады екен. Мақсұт Исахов бұл шығынды мемлекет өтеп береді деген сенімде. Ал қазір мегаполиста қоғамдық көлік қатынап тұр. Төлем жүйесі де іске қосылған. Алайда автобустар қысқартылған графикпен жұмыс істеуде.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Бізде қазір мектеп оқушылары 17 қаңтарға дейін, студенттердің 24 — не дейін демалатынын ескеріп автобустар толық қанды 100 пайыз шығарып жатқан жоқпыз. Мәселен, бір маршрут та он автобус болатын болса, ол жерде 7 автобус болуы мүмкін немесе алты, немесе 7 немесе 8 ол жолаушылар ағымына байланысты».
Сондай-ақ, Мақсұт Пернебайұлының айтуынша қаладағы жаппай тәртіпсіздік кезінде жақында орналастырылған «Сергек» камераларына да зақым келген. Шымкенттің өзінде 200-ден аса бейнебақылау камерасын істен шығарған. Ал ең бастысы, қалада бұзақылық орын алып жатқан тұста, мамандардың шапшаң шешім қабылдап, әрекетке көшуіне жаңа технологияның көп көмегі тиген.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Әр түрлі хабарламалар келіп жатты. Біз камералардың арқасында бәрін бақылап отырдық. Осының арқасында полицияның күшін тиімді пайдаланды. Егер ол болмаса біз бұндай жағдайға жетпейтін едік».
Әкімінің орынбасары осы тұста, қала ішінде ойран салған бұзақылардың арнайы дайындықтан өткенін тағы да қайталап айтты. Бүгінде келтірілген шығын есептеліп жатыр.
Мөлдір Ибадуллаева