Түркістанның туризмін насихаттау бойынша меморандум түзілді

111

 

Ақпарат саласында жылға жуық қызмет етіп келе жатқан «Turkistan» телеарнасы мен Түркістан қаласында орналасқан «Туристерге қызмет көрсету орталығы» мекемесі арасында ынтымақтастық туралы меморандум түзілді.

Бұл құжат күллі түркі жұртының рухани астанасы атанған Түркістанның тарихи маңызы мен мәртебесін, оның туристік әлеуетін насихаттауға бағытталған.
«Turkistan» телеарнасымен меморандум түзу арқылы біз Түркістанға келген қонақтар мен туристердің ақпарат алуына, өңірдегі киелі орындарға тәу етіп, өзге де тарихи ескерткіштер туралы мәлімет алуына қолайлы жағдай жасаймыз. Көгілдір экран арқылы жергілікті халыққа да туристерге қызмет көрсету орталығының жұмысын кеңінен көрсете аламыз», дейді Түркістан қаласы әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «Туристерге қызмет көрсету орталығының директоры Өткір Малдыбеков.

Меморандум аясында мүдделес екі мекеме көне де киелі шаһарды әлемге таныту, оның тарихын жастардың бойында сіңіру мақсатында телебағдарламалар даярлау, өз алаңдарында жарнама орналастыру, туризм және саяхат, киелі орындарды көрерменге таныту бағытында бірлесе жұмыс атқарады.

«Түркістан – түркі әлемі көз тіккен киелі қала. Біз Түркістанның руханиятын, мәдениеті мен туризмін дәріптеуіміз керек. Бұл ретте біз қаладағы салалық құрылымдар жұмысын насихаттауға, телеарна арқылы Түркістан өңірінің әлеуеті мен экономикалық жетістігін, табиғаты мен туризмін, халқының тыныс-тіршілігін бүкіл әлемге көрсету үшін жұмыс істеп жатырмыз», деп атап өтті телеарна директоры Бағдат Қожахметов.
Сондай-ақ шара барысында телеарна директоры нысанды аралап, «Сапар орталығының» жұмысымен кеңінен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, «Turkistan» телеарнасы ашылған күннен бастап «Түркістан travel», «Welcome to Turkistan», «Түркістан – туризм төрі» секілді айтулы бағдарламалар арқылы облыс орталығы мен өңір туралы көрермен қауымға кеңінен таныстырып келеді.