Úı ANONS Әкіммен ашық диалог: Қаратаулықтар не сұрады?

Әкіммен ашық диалог: Қаратаулықтар не сұрады?

Қала әкімі кезекті кездесуін өткізді. Бұл жолы Қаратау ауданының тұрғындарымен жүздесіп, талап-тілегін тыңдады. Халық тарапы тұрғын үймен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасы, жолдардың жай-күйін сөз етті. Олар, қордаланған мәселенің шырмауын шешіп беруді сұрады. Ал, шахар басшысының жауабы қандай болды? Айтылған мәселе уақытында шешіледі ме?

 

 

Қала әкімінің тұрғындармен кезекті көшпелі кездесуі жалғасуда. Ашық форматта ұйымдастырылған қабылдауға келген тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, сан түрлі сауалдарын жолдауда. Кездесу барысында инфрақұрылым, жол жөндеу, қоғамдық көлік, абаттандыру және коммуналдық қызметтердің жұмысына қатысты ұсыныс-тілектер айтылуда. Қала басшысы әрбір тұрғынның өтінішін назарға алып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беруде.

 

Тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелердің бірі жерді мемлекет мұқтажына алу болды. Қызыл сызыққа ілінген жер телімдерінде тұрғындар үй салып, көптен бері тұрып жатыр. Енді бағасына келісе алмай, дал болуда.

«Жердің учаскесі 15- млн. теңгедей тұрады. Ал берген ақшасына тек жер аласың. Соған көмек сұрап келіп отрымын. 27-37 млн деп отыр».

«Үйдің размері 28-14 кой. 60 млн. сұрап отырмын».

«Ашығын айтайық. Сот сергелдеңге салады. Ұзаққа созылады. Бірақ, эксперттермен барып көрсеңіңіздерші. Рынокта 15 млн. тұрады ма, жоқ па? Егер участоктор солай тұрса, бұл кісілердің уәждері дұрыс қой».

«Сіздерге уақытын келісіп, Азат барып, мамандармен көреді. Жолын айттым негізі. Ресми болса, сот арқылы созылып кетуі мүкін. Барып келсісуге тырысыңыздаршы».

 

 

Бұдан бөлек, қаратаулық тұрғындар талай жылдан бері қол жеткізе алмай келе жатқан тұрғын үй мәселесін көтерді. Ол аздай, ерекше балаларға арналған ем-дом шаралары аздық ететінін жеткізді. Әкім сол мезетте проблемалардың шешімін жедел табу үшін тиісті сала мамандарына тапсырма жүктеді. Сонымен қатар, жергілікті тұрғынның бірі, жайлы мектеп салып беруді сұрады.

«Осы ауданнан 30 мың шақты оқушылар бар екен. Осы балаларға жайлы мектеп салынса».

ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ: «Жайлы мектепті қазір, бізде 18 мектеп салу жоспарланған. 12 мектеп салынды. Сонымен тоқтады. Жақын арада жайлы мектеп салу жоспарда жоқ. Ал, бірақ бас жоспар бойынша жер қалдырып кетеді. Ол жерде, жекеменшік болса да, мемлекеттік болса да мектеп салынады. Бірақ келешекте әрине».

Қала әкімі көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын айтып, жауапты басқармалар мен мекемелерге нақты тапсырмалар берді. Оның айтуынша, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Сонымен қатар, кейбір мәселелерді қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік болса, енді бірқатары жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді және қосымша қаржыландыруды қажет ететіндіктен, оларды іске асыру белгілі бір уақытты талап етеді.

Нүргүл Жолымбетова