Италияның Болонья қаласында өткен World Dog Show 2026 көрмесінде қазақы тазы халықаралық кинологиялық қауымдастыққа кеңінен таныстырылды. Әлемдік кинологиядағы ең беделді алаңдардың бірі саналатын көрмеге төрешілер, сарапшылар, селекционерлер және ұлттық кинологиялық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан үшін бұл шараның маңызы ерекше болды. Өйткені 2024 жылы FCI Халықаралық кинологиялық федерациясы алдын ала таныған ұлттық тұқым – қазақы тазы әлемдік аренада таныстырылды. Қазақстан кинологтар одағының көрмеге қатысуы тұқымды халықаралық деңгейде түпкілікті тануға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды кезеңіне айналды.
Көрме аясында өткен FCI судьяларының IV дүниежүзілік конгресінде Қазақстан кинологтар одағы қазақы тазыға арналған арнайы дәріс өткізіп, халықаралық төрешілерге тұқымның тарихы, ерекшеліктері, функционалдық мақсаты мен сараптамалық бағалау қағидаларын таныстырды.
Сондай-ақ көрменің орталық бөлігінде орналасқан Қазақстанның ұлттық стенді қонақтар мен мамандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Келушілер қазақы тазының тарихы, тұқымдық ерекшеліктері және Қазақстанның осы тұқымның шыққан елі ретіндегі рөлі туралы ақпарат алды.
Қазақы тазылар Club Show 2026, ENCI Winner 2026 және World Dog Show 2026 көрмелеріне қатысып, жоғары нәтиже көрсетті. Барлық ұсынылған иттер «үздік» бағасына ие болды.
World Dog Show 2026 қорытындысы бойынша Челси мен Табигат «Жас әлем чемпионы» атағын жеңіп алса, Лашын мен Рея «Әлем чемпионы» атанды. Лашын World Dog Show 2026 көрмесінің үздік қазақы тазысы деп танылды.
Сонымен қатар ENCI Winner 2026 көрмесінде Перс тұқым ішінде жеңіске жетіп қана қоймай, өз санатындағы басқа борзылар арасында 4-орын алды. World Dog Show 2026 көрмесінде Челси де халықаралық салыстыру нәтижесінде 4-орын иеленіп, қазақы тазы тарихындағы маңызды жетістіктердің біріне қол жеткізді.
Көрме қорытындысы бойынша Дастер, Лашын, Рея, Перс, Арлан және Кербез Италия чемпионы атанса, Челси, Табигат және Ақтабан Италияның жас чемпионы атағына ие болды.
Қазақстанның қатысуындағы ерекше оқиғалардың бірі қазақы тазының TOP Dog 2026 халықаралық шоуында таныстырылуы болды. Бұл алаңда Қазақстан алғаш рет ұсынылып, мыңдаған көрерменге қазақы тазы ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі ретінде көрсетілді. Аренада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көрсетіліп, еліміздің атауы халықаралық кинологиялық қауымдастық алдында жарияланды.
Айта кетейік, 2024 жылғы 3 қыркүйекте FCI ұйымы «Қазақы тазы» тұқымын алдын ала негізде танып, Қазақстанға оның шыққан елі мәртебесін бекітті.
Болоньядағы World Dog Show 2026 көрмесінің нәтижелері қазақы тазының халықаралық аренада өз орнын айқындап келе жатқанын көрсетті. Ұлттық тұқым жоғары бағаланып, халықаралық қауымдастықтың назарын аударып, Қазақстанның осы бағыттағы жүйелі жұмысының нәтижесін дәлелдеді.







