Айару Қадыр елге оралды: Бүлдіршіннің отадан кейінгі жағдайы қалай?

72

Айару Қадыр шетелде ота жасатып, елге оралды. 6 жасар қыз туғанынан бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын. Операция Түркияда өтті, ал анасы мен қызы шетелдік дәрігерлердің бақылауымен екі айдан астам уақыт болды. Отаға қажет қаражатты бүкіл Қазақстан халқы жинаған еді. Бүлдіршіннің қазіргі қал-жағдайы қалай?

Мақпал Алтынбекова қызының енді қалыпты өмір сүретінін айтып, көмек қолын созған жандармен жақсы жаңалықты бөлісуге асық! 6 жасар қызы Айару Қадыр Түркияда бүйрек трансплантациясын жасатты. Ал бүлдіршінге анасының өзі донор болған екен. Анасы мен қызы отадан кейін 2 айдан астам уақыт түркиялық дәрігерлердің бақылауында болды. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы.

Мақпал Алтынбекова, Айару Қадырдың анасы: «Аллаға шүкір, жақсымыз. Менің де, Айарудың да жағдай өте жақсы. Күннен күнге жақсаруда. Біз барған соң, «мен өзім тапсырып көрейінші генетикаға мүмкін өзім боп қалармын» деп солай өтініш жасадым. Екі күннің ішінде генетика дайын болды, тура келеді екем. Сөйтіп мен Айаруға өзімнің бүйрегімді бердім. Көңіл-күйі өте керемет, бұрын жүре алмайтын еді, қазір жүреді. жүрегіндегі сырылы басылды. Жүрекке дәрі ішіп жатқан жоқпыз. Жүгіреді, билейді. бәрі басқаша, бәрі ерекше ғой енді».

Анасы қызының батыл мінезді екенін айтады. Себебі, отадан кейін бірде-бір рет жыламай, керісінше анасына қолдау көрсеткен көрінеді. Қазір бүлдіршін күніне 12 дәрі қабылдайды екен. Ал түрік дәрігерлері 15 күн сайын денсаулығын бақылап, тексеріп отырады.

Мақпал Алтынбекова, Айару Қадырдың анасы: «Бірінші Аллаға, содан кейін Қазақстан халқына рақмет. Барлығы 5 күн ішінде ақша жинап берді. Көп-көп рақмет айтамын. Алланың нұры жаусын!  Жақсы адамдар көп, жақсы адамдардың арқасында бәрі бітті».

Анасы Айаруды балетке бергісі келеді, себебі отадан кейін қызының еркін қимылдарынан биге икемін байқаған. Ал Айарудың өзі болашақта дәрігер болуды армандайды екен.

Бүлдіршіннің жаңа өмірінде енді гемодиализ жоқ! Ал анасы бүйректі емдеуге арналған аппаратты мұқтаж отбасына беремін деп шешіпті.

«Маған да халық көмектескен бұны әперетін кезде. Менде диагнозы тура Айару сияқты. Бұл аппаратты аппаратсыз мочевинасы түспейтін бір бала тұрады екен Кентауда. Астанадағы дәрігер звондады, «сол балаға бересің бе?» деп. Олар да көп жатпай осы аппараттан тез шығып кетсін», дейді анасы.

Айарудың өзін жақсы сезінгеніне қарамастан, бүлдіршіннің отбасы әлі де қаражатқа мұқтаж. Жалғызбасты анаға қымбат дәрі-дәрмек алу оңайға соқпай отыр. Мақпал Алтынбекова қазіргі уақытта жұмыс істемейді. Мемлекеттен 100 мың жәрдемақы алатын ол, өздері тұрып жатқан жалдамалы пәтерге 60 мың теңге төлейді екен. Сол себепті Айаруға көмек ретінде ашылған қаражат жинайтын қор әлі жабылған жоқ.

Гүлдана Дәурен

«Отырар TV» мен сайтымыздың @OtyrarQaz қазақша телеграм-каналына жазылыңыз.  https://t.me/OtyrarQaz