Коррупция туралы хабар берген азаматтардың құқығы заң аясында қорғалады

92

Коррупция туралы хабарлаған азаматтар қорғалады. Бұл мәжіліс отырысында талқыланған жаңа заң жобасында қарастылған. Өйткені, бүгінгі таңда мемлекеттік қорғау тетіктері тек қылмыстық процеске қатысатын адамдарға ғана көзделген. Ал жемқорлық туралы хабарлайтын адамдар қылмыстық процеспен қамтылмауы мүмкін.

Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов айтты.

«Мысалы, заңнамада мұндай тұлғалардың еңбек құқықтарын қорғау шаралары қаралмаған. Яғни жұмыс барысында қудалану тәуекелі бар. Осыған байланысты хабарлаушылардың еңбек қатынастары саласындағы құқықтарын қорғау ұсынылады. Оларға қатысты тәртіптік шара қолдану мәселесін алқа отырысымен қарау мүмкіндігін белгілеу (информатордың өзі келіссе) көзделіп отыр», – деді агенттік төрағасы.

Мұндай шешім әділ және ашық болу үшін міндетті түрде отырысқа агенттіктің өкілі шақырылады. Сондай-ақ, коррупция туралы хабарлаған адам жөніндегі мәліметті құпия ретінде сақталады. Ал оны жария еткен үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыру ұсынылды.

Агенттік басшысының айтуынша, бұл шаралар әшкерелеуші адамның құқығын қорғауға кепілдік береді. Әрі жемқорлыққа немқұрайлықты азайтады екен.
Сондай-ақ халықаралық ұйымдар тарапынан Қазақстандағы жемқорлыққа қарсы саясатты оң бағалауға әсерін тигізеді.

                                                                           

                                                                                              Мөлдір Ибадуллаева