Маман: «Онкологияны емдегеннен, алдын алған тиімді»

91

4 ақпан – дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күні! Осыған орай қаламыздағы онкологиялық орталықта ақ халаттылар обыр ауруына қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дерек бойынша бүгінде Шымкентте онкологиялық аурумен 6730 адам есепте тұр.

Дәрігерлердің айтуынша, соңғы жылдары онкологиялық аурулар жасарып келеді. Мамандар, бұл дертті асқындырып алған жағдайда емдеу қиынға соғатынын, сол себепті уақытылы дәрігерге көріну керектігін айтады. Обыр ауруына шалдыққан науқастардың санын азайту мақсатында, қаладағы Онкологиялық орталық қызметкерлері қатерлі ісіктен қорғану жолдарымен, белгілері көрсетілген брашюралар таратуды жоспарлап отыр.

Аққали Маймақов, Хирургия бөлімінің меңгерушісі: «Егер алғашқы белгілерін симптоматикасын білсек алдын алуға болады. Сол үшін «без симтоматика диагностика рака» деген кішкентай бір брашюра дайындап жатырмыз. Ол жерде барық алғашқы белгілер көрсетілген. Бұл елге, жұртқа жалпы медицина саласында емес адамға арнап».

Дәрігерлер «ракты емдеуге қарағанда, алдын алу тиімді», -дейді. Бүгінде кең тараған ісік ауруының бір түрі жатыр мойны обыры. Статистикаға сүйенсек, бұл әйелдерде болатын онкологиялық аурулар арасындағы сүт безі обырынан кейінгі екінші орында. Былтыр мегаполисте аталған қатерлі ісіктің 81 жағдайы тіркеліпті. Бұл ауру папиллома вирусынан дамитын көрінеді. Осы тұста, мамандар оған қарсы алдын-ала екпе қабылдауға болатынын жеткізді.

Константин Югай, Гинекология бөлімшесінің меңгерушісі: «Бүгінде медицинада жатыр мойны обырының алдын-алу үшін 3 екпе тіркелген. Қыз балалар бұл вакцинаны тұрмысқа шығардан алдын салдыруы тиіс, яғни, 9 жастан 15 жасқа дейін. Бұл екпені еліміздегі жеке меншік емханалардан қабылдауға болады».

Қазіргі таңда онкологиялық орталықта жатыр мойыны обырымен 34 науқас ем қабылдауда. Ал, жалпы қатерлі ісік бойынша есепте тұрғандар саны 6730 адам.

Аида Қарсыбайқызы