80 Қазақстан азаматы Украина шекарасынан өтіп Польшаға жеткізілді. Енді оларды елге жеткізу мәселесі қаралып жатыр. Осы орайда алғашқы рейстің қашан болатыны айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Алғашқы репатриациялық рейс 27 ақпанда ҚР азаматтарының негізгі бөлігі Катовице қаласына (Польша) келгеннен кейін жүзеге асырылады деп күтілуде. Алдағы уақытта басқа да репатриациялық рейстер ұйымдастыру жоспарланған. Осыған байланысты Украинаның әртүрлі қалаларындағы қазақстандықтардан Қазақстан Республикасының Киевтегі Елшілігіне хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұраймыз. Мүмкіндік болған жағдайда, Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз күшімен баруды ұсынамыз», — деген хабар таратты ҚР СІМ.
Министрліктің хабарлауынша, Қазақстан азаматтарына қажетті көмектің барлығы көрсетіледі.
«Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыру мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекендеріңізде қалуды, ҚР Елшілігімен және құрметті консулдықтарымен үнемі байланыста болуды сұраймыз. Жағдай анықталғаннан кейін азаматтарымызға барлық қажетті көмек көрсетіледі», — делінген ресми хабарламада.
Сондай-ақ, аталған ведомстводан «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, Украина аумағында қалған қазақстандық ауыр жүк көлігі жүргізушілері туралы мәліметтер жиналып, оларды алып шығудың амалы қаралып жатқандығы айтылды.