Украина мен Ресей арқылы тауар тасымалы тоқтады

48

Украина мен  Ресей арқылы тауар тасымалы тоқтады. Жүк тасымалдаушылар бұл мәселені бірлесіп шешуге ниетті. Мәскеуде өтіп жатқан Трансшекаралық халықаралық көрмеге қатысушылар жаңа көлік дәліздерін талқылады. Биыл халықаралық көрмеге АҚШ пен Еуропа елдері қатыспай отыр. Ал нарықтағы өзге өкілдер шұғыл түрде тауар жеткізудің жаңа жолдарын қарастырып жатыр. Ең бастысы, логистикалық буындарды үзбей, тауар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Тимур Қарабаев, ҚР теміржол көлігі мен инфрақұрылым оператор-компаниясы басқармасының төрағасы: «Украина арқылы транзит тоқтап қалды. Бүгінде Еуразия кеңістігінде Достық, Алтынкөл және Брест Малолошевич арасындағы дәліз жұмыс істеп жатыр. Қалған дәліздер әзірше тұрып қалды. Жағдай күрделі. Қазір сауда жолдарын қалай дұрыс құру туралы ешкім білмейді. Қандай әрекеттер санкцияға соқтыратыны белгісіз. Егер Қазақстан бизнесі активтерін оңтайлы пайдаланса, жөнді жүйе құруға мүмкіндік бар. Бұл жүк тиейтін терминалардар, жүк көліктері мен локомотивтерге қатысты болып тұр».

Қазақстанның транзиттік және экспорттық тауарлары қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарына ауыса бастады. Шетелдік жаңа серіктестермен белсенді түрде келіссөздер жүріп жатыр.

Басқосуда Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия бірлескен көлік-логистикалық компания құру туралы келісті. Жүк тасымалын арттыру үшін Ақтау еркін экономикалық аймағында контейнер хабын құру жоспарда бар.

Шынар Оразова