Егде жастағы азаматтарға жұмыс табудың жолы қандай?

130

Жас мөлшері 45-тен асқан азаматтардың жұмыс табуы қиындайды. Себебі мұндай қызметкерлердің түйіндемесін жұмыс берушілер айналып өтіп, керісінше жас мамандарды жұмысқа алғанды дұрыс көреді. Соңғы уақыттарда бұл мәселенің біздің елімізде де актуалдылығы артуда. Сонымен, егде азаматтарға жұмысқа орналасуға қандай көмек көрсетіледі?

Зейнет жасына жақындаған сайын жұмыс табу оңай емес. Шолпан Аханованың зейнетке шығуына әлі 3 жыл бар. Ол 1 жылдан бері жұмыс таба алмай келеді. Ал еден жууға оның денсаулығы жарамайды. Кейіпкерге тіпті Шымкентте өткен бос жұмыс орындар жәрмеңкесі көмектесе алмаған екен.

Шолпан Ахановав, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен жатақханада жұмыс істеген едім. Бірақ ақысыз демалысқа жіберді. Зейнетке шығатындарға жұмыс жоқ дейді ғой. Ал біз қалай жан бағамыз. Зейнетке шыққанға дейін қалай күн көреміз?».

Елімізде зейнетке дейінгі жастағылар ғана емес, тіпті 45 жастағы азаматтар да жұмыс табудан қиналады. Алма Жандәулетова — кадр агенттігінің директоры. Ол жас келгенде жұмысқа кіру қиындап кеткенін айтады. Жұмыс берушілер неше жылдық жұмыс тәжірибесін де ескергісі келмейді дейді ол.

Алма Жандәулетова,  кадр агенттігінің директоры: «Жақсы жалақы және жоғары лауазымды күтпеген дұрыс. Жас ұлғайған сайын мүмкіндік те азая береді. Соны түсіну керек».

Қазақстандық «жұмыс берушілерді» ынталандыру туралы шешім қабылданды. Жұмыспен қамту министрлігі зейнеткерлікке бірнеше жыл қалған жандар үшін «Күміс жас» жобасын әзірледі. Жұмыс берушілер өз кәсіпорындарында егде жастағы еңбеккерлер үшін жұмыс орындарын құрады, ал мемлекет олар үшін жалақының жартысын субсидиялайды.

Жомарт Тәженов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім бастығы: «Біз жұмыс берушілерге ұсыныстар жібердік, енді жауабын күтіп отырмыз. Вакансия шыққан соң жұмыс іздеушілерге ұсынамыз. Биыл «күміс жастағы» 192 жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды жоспарлап отырмыз».

Бағдарлама 3 жылға дейінгі уақытқа жасалған. Елімізде жыл сайын 5 мың қазақстандық азаматты жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Ал мамандар бағдарламаға ілінбеген жандарға кез-келген жұмысқа дайын болуға және жаңа әдіс- тәсілдерді үйренуге кеңес береді.

Гүлдана Дәурен