Мәслихат депутаттары тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады

120

Халық қалаулылары сайлаушыларымен кездесті. «Аманат» партиясының депутаты Әйгерім Жұмағұлова тұрғындардың мәселесін тыңдап, оны жауапты шенеуніктерге жолдамақ. Белгілі болғандай, Қатын көпір шағынауданында көшелер мен су қоймалары қоқыстан тазаланбайды екен. Әрі қоғамдық көлік те тапшы көрінеді.

«Аманат» партиясының депутаты Әйгерім Жұмағұлова Қатын көпір шағынауданын аралап, азаматтардың өтінішін тыңдады. Тұрғындардың айтуынша, Ербол Спатаев көшесінде кәріз жүйесі орнатылмаған. Әрі халық автобустардың жүру кестесі түсініксіз деп шағымданды.

Мұса Халилов, тұрғын: «Бізде автобус мәселесі бар. Бір маршрут болды, ол ауыстырылды. Не істерімізді білмейміз. Ал бізде жалпы канализация жоқ, ескеріңізші».

Халық жаңа жолдың сапасына да назар аудару керектігін айтады. Әрі жауаптылардан тазалыққа көбірек көңіл бөлуді сұрады. Өйткені, көшеде шашылған қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Бірнеше тұрғын ақы төлеуден бас тартқандықтан, арнайы көлік шығарылған қоқысты алып кетпейтін көрінеді.

«Мұнда қоқысқа ақы төлемейтін бірнеше үй бар, сондықтан бұл компания оны да алмайды. Сөйтіп олар осы жерге барып қоқыс тастайды. Олармен не істеу керек, мен білмеймін», дейді тағы бір тұрғын.

«Аманат» партиясының депутаты халықпен кездесуді жалғастырады. Егер тұрғындардың сауалы болса, Әйгерім Жұмағұлованың әлеуметтік желісі арқылы байланысуға мүмкіндік бар.

Мөлдір Ибадуллаева