Шымкентте 11 жастағы қызды туған әкесі зорламақ болған. Отағасының озбырлығына шыдамаған әйел полицияға арызданған. Ал бір айдан бері 7 баланың анасы дағдарыс орталығында күн көріп жатыр.
Етегі жасқа толған 7 баланың анасы жолдасының туған қызына жасаған азғындына әлі де сене алар емес. Айтуынша, 36 жастағы әке 11 жастағы қызына қол жүгірткен.
«Құшақтап, осындай тірліктерге барған. Қашпақ болғанда, артынан келіп тартқан. Бетімен цементке түскен. Менің ойымша сол нашадан шығар деп ойладым»,-дейді анасы.
Әйел сол түні қорқынышты түс көргенін айтады. Мазасызданғаным бекер болмады деген ол, оянғанда 11 жасар перзентін зорламақ болған жолдасын көреді. Ер адам қызының киімін шешіп, аузын қолымен жауып отырған көрінеді. Бұған шыдамаған қыз өз-өзіне қол салмақ та болыпты.
«Үйге келдім қызыммен. Сұрау салғаннан шаршаған ба білмеймін. Далаға бір шығып, бір кірді. Балаларым тыныш болып қалды. Өзінікін былай тіліп тастаған. Жүгіріп, кіріп қызым мынау не? Мынаны істеген соң ертең түбіне кетіп қалғанда, мен сені құтқара алмайтын едім. Не істедің десем, өмір сүргім келмейді анашым дейді»,-деді көпбалалы ана.
Бүгінде 30 жастағы әйел жеті баласымен Шымкенттегі дағдарыс орталығында тұрып жатыр. 11 жастағы қызбен психологтар жұмыс істеуде. Ал баланың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір жантүршігерлік оқиғаға қатысты күдікті қамауда отыр.
Шымкент қалалық полиция департаменті: «ҚР ҚК-нің 124-бабы «жас баланы азғындық жолға түсіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдікті қамауда».
Көпбалалы ана паналаған «Көмек» дағдарыс орталық басшысының айтуынша, тергеу барысында кәмелетке толмаған балалардың әкесі педофилияға бейім екені анықталған.
Мөлдір Ибадуллаева